Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да қараусыз мал жол-көлік апатына себепші болды

8 Декабрь 2021 23:25

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жол үстіне шығып кеткен жылқыларды көрмей қалған жеңіл көлік жүргізушісі малмен соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Көкшетау-Омбы» автожолының Ақжар ауданында жылқылардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді. «Лада Приора» автокөлігінің 18 жастағы жүргізушісі Кішкенекөл елді мекенінен Көкшетау қаласына бет алған екен. Жолда алдынан жылқылар шыға келген. Соқтығысудан құтылуға әрекет жасағанымен, ол нәтиже бермей, бір жылқы көлік астына түсіп өлді. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері бірнеше жылқының табыннан бөлініп кеткенін анықтады.

Бақташыға қатысты «Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

«Малды бос қоя беруге тыйым салынған, полиция инспекторлары тұрғындармен үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Өйткені бағусыз жүрген малдар жол-көлік оқиғаларына жиі себепкер болады. Сондықтан әсіресе елді мекендердің маңынан өткенде сақтық танытып, жылдамдықты азайтып, жол жүрісі қағидаларының талаптарын қатаң ұстануды сұраймыз. Жыл басынан Ақжар ауданының аумағында бос жүрген малдардың иелеріне 158 хаттама толтырылды», ­­­­– дейді Ақжар ауданы полиция бөлімінің бастығы Еркін Махметов.

Облыс бойынша жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу» бойынша барлығы 2587 дерек тіркелді.


Муаллиф Ақерке Дәуренбекқызы
Калит сўзлар: Солтүстік Қазақстан облысы, Жол, Көлік,
Юқорига