Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да бәйге маусымы жабылды

12 Октябрь 2021 09:35

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ат спорты маусымы 50-ге жуық сәйгүлік қатысқан жарыстармен салтанатты түрде жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл өңірде ат спорты маусымы шартты түрде жабылды. Өйткені өңір спортшыларының бір бөлігі қазіргі уақытта Ақтауда өтіп жатқан «Ақ бидай» VII республикалық ауылдық спорттық ойындарына қатысып жатыр. Атбегілердің кейбірі тұлпарларын осы жарысқа әкетті. Осы себепті биыл маусымның жабылуына Павлодар, Көкшетау қалаларынан тұрақты қатысушылар келген жоқ.

СҚО коронавирус бойынша «қызыл» аймаққа қайта енгендіктен, Бескөл ауылындағы «Құлагер» ипподромында көрермендер саны шектеулі болды. Трибуналар тек 20% ғана толды. Бірақ бұл спорт мерекесінің жақсы өтуіне әсер еткен жоқ.




Бұл күні бәйгелер ат жарысының 7 түрі бойынша өтті. «Ұшқыр бәйгеде» - 1800 шақырымда Қызылжар ауданының өкілі Дмитрий Волковтың Стайл Антик атты сәйгүлігі мәреге бірінші жетті.

Үш жасар жылқылардың жарысында тұлпарлар 2 400 метрді бағындырып, Мамлют ауданынан келген Андрей Касиловтың Джевиште атты сәйгүлігі көш бастады.




7 000 метрлік құнан бәйгеде Щучинск қаласынан келген және Тайынша ауданының атынан шыққан 13 жасар Сәкен Құдайқұл Дара атты тұлпарымен мәре сызығына бірінші болып жетті. Жас шабандоз осы күні екі рет көзге түсті. 16 000 метрлік аламан бәйге жарысына ол Гектор атты сәйгүлікпен шығып, жеңімпаз атанды. Сәкен Құдайқұл жеті жасынан бастап атқа отырған. Қыркүйек айының соңында ол өзінің Гекторымен Павлодарда аламан бәйгеде екінші орын алды. Олар осылайша маусымды сәтті аяқтады.




Жалпы биыл СҚО спортшылары осы маусымда бірқатар жетістікке жетті. Мысалы, Дмитрий Волков Ресейде, Қазан қаласында өткен жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Ағайынды Чибисовтар қыркүйек айының соңында Павлодарда өткен ат спорты жарыстарында жорға жарыстан алтын және күміс медаль жеңіп алды.


























Юқорига