Об-ҳаво
Нур-Султон +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

СҚО әкімі жас ананың жұмбақ өлімі жан-жақты тексерілетінін айтты

28 Январь 2022 00:21

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бес баланың анасы - 34 жастағы келіншек ауруханада қайтыс болып, оның көз жұмғаны туралы құжаттар тек бір айдан кейін ғана толтырылып, күйеуіне берілген. Бұл жайында БАҚ-тан білген өңір басшысы деректің жан-жақты тексеріліп, кінәлілердің жауап беретінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Журналист Ульяна Әшімованың мәліметінше, СҚО Большой Изюм елді мекенінің тұрғыны Әйгерім Қазезова бесінші баласына жүкті болып, 35 аптада аудандық ауруханаға сақтауға жатқызылады.

Кейін дәрігерлер келіншекті үйіне жібереді. Бірақ келесі күні әйелде жөтел пайда болып, күйеуі оны қайтадан ауруханаға апарады.

Сол күні Әйгерімді Петропавлға, облыстық көпсалалы ауруханаға жөнелтеді. ПТР-тесті арқылы келіншектің коронавирус жұқтырғаны анықталып, бірден жүктіліктің 36 айлығында оны дәрігерлер кесір тілігі арқылы босандырады.

5 тамызда жас ана Айғаным атты қызын дүниеге әкеледі.

Күйеуі Сағдат келіншегінің жағдайын күнделікті дәрігерлер арқылы біліп тұрған.

Ақ халаттылар әйелдің ауруы асқынып, пневмонияға ұшырағанын, жансақтау бөлімшесінде өкпені жасанды желдету аппаратында жатқанын айтқан.

Ал 22 тамыз күні ауруханадан хабарласып, әйелінің қайтыс болғанын жеткізген.

23 тамыз күні туған-туыстары, ауылдастары Әйгерім Қазезованы жер қойнауына тапсырды.

Ал келесі күні әйелінің құжаттарына келген Сағдатқа аудандық ауруханада оны түрлі сылтау айтып бермеген.

Тек бір айдан кейін ғана хабарласып, аурухана қызметкерімен барып халыққа қызмет көрсету орталығынан құжаттарын алған.

Журналистің айтуынша, бұл оқиғада түсініксіз жағдай көп, соның бірі – келіншектің қайтыс болған күнін тек бір ай өткеннен кейін ғана тіркеген.

Бұл жайт облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың назарынан тыс қалмады. Өңір басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жайттың толық тексерілетінін мәлімдеді.

«Пациент Әйгерім Қазезованың өлімі туралы мақаланы оқыдым. Қазезовтар отбасына қайғырып көңіл айтамын. Бұл өрескел жағдай. Арнайы комиссия құрылып, тәуелсіз сарапшылар тартылады. Жан-жақты тексеру жүргізіледі. Егер бұл факт расталса, кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаға тартылып, қызметінен босатылады», - деп жазды Құмар Ақсақалов.


Юқорига