Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да соңғы төрт күнде 7 өрт шықты

18 Октябрь 2021 10:03

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар 15-18 қазан аралығында 7 өртті сөндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 16 қазанда Глубокое ауданы Прапорщиково ауылы Трудовая көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйдің ауласындағы монша жанды. Өрт сөндірушілер жалпы ауданы 25 шаршы метрді құраған тілсіз жауды толықтай ауыздықтады. Өрттің шығу себебі – отты абайсыз қолданудан болуы мүмкін.

«Сол күні Өскемен қаласындағы саяжай учаскесінің аумағында гараж шатыры мен жапсарлай салынған монша өртенген. Қызыл жалын гаражда тұрған 2003 жылы шыққан «Toyota Highlander« маркалы автокөлігіне жайылды. Сондай-ақ Үржар ауданында жеке тұрғын үйдің ауласында 36 тонна пішен жанған. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына – балалардың отты абайсыз қолдануы себеп болды. Пішен өрті Күршім және Зайсан аудандарында да тіркелген», - делінген ақпаратта.

17 қазанда Семей қаласында жер үй ауласындағы шаруашылық қора-жайдың ағаш құрылымдарын жалын шарпыды. Оқиға орнына шұғыл келген құтқарушылар тілсіз жауды сөндірді.




18 қазан күні Бесқарағай ауданында жеке тұрғын үйдің шатыры, қабырғалары мен монша жанды. Өрттің жалпы ауданы 12 шаршы метрге жеткен. Оттың шығу себебі – пешті орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан болуы ықтимал.








Юқорига