Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Президент тапсырмасы: Елордада үш буынды сот жүйесі қалай жұмыс істеуде

14 Октябрь 2021 14:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында үш буынды сот жүйесін енгізу мен оны іске асырудың барысы туралы қалалық Полиция департаменті Тергеу басқармасының басшысы Ғұмар Шыныбеков айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз сот саласындағы үш буынды жүйеге 2018 жылы көштік. Қазіргі таңда прокуратура және сотпен тікелей байланыста жұмыс істеп келеміз. Бұрын қылмыстық істі қозғау үшін мәліметтерді жинап, оны Прокуратураға алып барып, алып келіп жүретінбіз. Процесс ұзақ уақыт алатын, қазір бәрі электронды түрде жасалады. Яғни қылмыстық іске қатысты деректі Прокуратураға электронды түрде жібереміз, ол жақтан 3 және 10 күннің ішінде істі тоқтату немесе қозғау керек деген шешім келіп түседі», - деді Ғұмар Шыныбеков елорданың Полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, үш буынды сот жүйесінде әр органның өз міндеті бар және оны уақытылы орындау заңмен белгіленген.

«Тағы да бұрынғымен салыстыруға тура келеді. Бұрын қылмыстық іс сотта қаралуы үшін айлап уақыт кететін. Әр істің өзіндік ерекшелігі мен себебі бар. Ал үш буынды сот жүйесінде полиция, прокуратура және соттың міндеті мен істі қарау мерзімі нақты көрсетілген. Статистикаға сүйенсек, биыл елордада 19 мыңнан астам қылмыстық іс үш жақты қаралып, оның 8 мыңы прокуратураның шешіміне сәйкес тоқтатылды. Сондай-ақ, 5 мың қылмыстық істі қарау мерзімі өзгертіліп, 3800 айыпталушының кінәсі расталды», - дейді ол.

Одан бөлек, басқарма басшысы үш буынды сот жүйесімен жұмыс істеуде сала мамандарының біліктілігін көтеру мәселесіне тоқталды.

«Тергеу бөлімшелері қызметкерлерінің кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында заңнамадағы өзгерістерді қосымша зерделеу мен талқылау бойынша сабақтар, курстар мен семинарлар үнемі өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, ведомстволық жоғары оқу орындарында біліктілікті арттыру курстары да қарастырылған. Одан бөлек, тергеу бөлімінде жұмыс істеуге ниеттілер Қарағанды академиясының базасында 6 айлық бастапқы дайындық курсынан өту мүмкіндігі бар. Біздің мақсат – қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейін арттыру», - деді Ғ. Шыныбеков.

Еске сала кетсек, биыл жыл басында Президент сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде арнайы кеңес өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыруға, әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс екенін атап өтті.


Муаллиф Әли Ибраев
Калит сўзлар: Цифрлық Қазақстан, Сот, Президент тапсырмалары ,
Юқорига