Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Польшада заңсыз мигранттар кіргізді деген күдікпен 500-ден астам адам ұсталды

7 Декабрь 2021 21:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот Польшаға оның аумағына кірген мигранттарды қайта шығармауға үндеді. Беларусь жағында болған мигранттар неміс нөмірлері бар көліктермен шекарадан өткізілген. Осылайша, соңғы бес ай ішінде Польшаға бес мыңға жуық адам кірген. Польша полициясы мен шекара қызметкерлері үйсіз қалған жүздеген адамды тасығаны үшін 500-ден астам күдіктіні ұстаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

«Көбіне Польшада заңды түрде тұрақтанған Украина және Грузия азаматтары мигранттарды заңсыз тасымалдаумен айналысады. Олардың қатарында біздің елде тұрақты тұруға құқығы бар сириялықтар мен ирактықтар бар. Өкінішке орай, мұндай істерге шетелдіктер де, Польша азаматтары да барып жатыр», - деді шекарашылардың бірі.

Кейбір мигранттардың Польшада қалғысы келеді, қалғандары батысқа қарай жол тартуға тырысып бағуда. Мысалы, Ирак азаматы әрі қарай Германияға кету мақсатымен Польша-Беларусь шекарасын кесіп өткен.
«Менің отбасым қазір Германияда тұрады, - деді ол. – Отбасыммен қауышқым келеді. Осылай қорқынышты түстегідей қиналу – менің таңдауым емес. Иракта қалу өміріме қауіпті болды».
Кейбіреулер өз бетінше жол табуға тырысуда, қалғандары ЕО елдерінде тұратын туыстарының көмегіне жүгінуде. Мигранттармен жұмыс істейтін заңгер Витольд Клаус бұл жағдайдың мигранттардың отбасына қалай әсер ететінін түсіндірді.
«Бәрі қатал: сегіз жылға бас бостандығынан айыру қарастырылады. Біз мигранттарды тасымалдауды кім ұйымдастырып жүргенін білмейміз. Әрине, бұған мигранттар отбасының қатысы бар. Біз бұны білеміз, себебі көбі орманда адасып кеткен туыстарын іздестіріп жатыр».
Шекараны кесіп өту жағдайлары азайып келеді, алайда Польша тарапынан көмек көрсетуші белсенділердің айтуынша, шекарадан өткендер орманда жасырынатын көрінеді. Біраз отбасы ЕО-ның шығысында із-түзсіз жоғалып кеткен туыстарын іздестіруде.
Польша үкіметінің хабарлауынша, жақын арада Беларусь-Польша шекарасында қорған салу жұмыстары басталады. Польша бұл өңірге 20 мың шекарашыны қойып, Ұлыбритания және Эстонияның көмегімен шекараны толықтай жауып, оны заңсыз кесіп өтудің алдын алмақ.


Калит сўзлар: Миграция, Еуропа, Әлем,
Юқорига