Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Пандемиямен күресте көз жұмған әріптестерімнің есімі Қазақстан тарихында қалуы керек – Жұлдыз Данбаева

16 Июнь 2021 20:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елбасы кітапханасында Медицина қызметкерлері күніне орай өткен кездесуге коронавируспен күрестің алғы шебінде өзгелерге үлгі болып, сын сағатта бүкіл сала өкілдерінің жұдырықтай жұмылып әрекет етуіне шешімтал әрекетімен түрткі болған антына адал мамандар шақырылыпты. Соның бірі - Нұр-Сұлтан қаласындағы №3 көпбейінді қалалық аурухананың бас дәрігері Жұлдыз Данбаевамен шара алдында сұхбат құрудың сәті түскен болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы екі жыл біз үшін шынымен ауыр болды», - деп бастады әңгімесін 30 жылдық өтілі бар дәрігер.

Пандемиядан бір жыл бұрын ол басқаратын мекеме 3 стационардың басын қосып, көпбейінді қалалық аурухана болып құрылған еді.

Ұжым жаңа форматтағы жұмысқа енді үйреніп, қалыпқа түсен кезде пандемия басталып, үлкен сынқа түседі.

«11 наурызда алғашқы 100 төсектік провизорлық стационар бізде ашылды. Ал 18 наурыз күні Ramada Plaza деген демалыс кешенін де бізге қосты. 20 наурызда Ramada Plaza-да 800 орындық стационар аштық. Одан кейін де қосымша орындар ашылып жатты. Мамыр айында стационарлар жабыла бастады. Бір ай өткенде пневмания басталды да, тағы 500 орындық стационардың жұмысын ұйымдастырдық. Ramada Plaza-да да, инфекциялық блокта да емдеу жүргізілді. Осы екі жыл біз үшін өте ауыр болды. Өкінішке қарай, қатарымыздағы дәрігерлер майданда жүріп қайтты. Олардың аттары Қазақстанның тарихында мәңгілік қалады деп ойлаймын», -дейді дәрігер.

Айтуынша, екі жылды оның ұжымы коронавирус жұқтырған 9757 адамды емдеген.

«Инфекциялық блокта 2448 адамға көмек көрсеттік. Соңғы бір айдың ішінде ғана 143 жүкті әйелді емдеп шығардық. 45 нәресте дүниеге келді. Қазір былтырға қарағанда жұмыс жеңілдеу. Науқас жұқтыру деректері азайғандықтан 600 медицина қызметкері күні-түні жұмыс істеп жатыр. Үкімет тарапынан бізге өте жақсы көмек пен қолдау беріліп отыр. Былтыр 11 адам жоғары наградалармен марапатталды. Өздеріңіз білесіздер, мемлекет індетпен күрескен дәрігерлер үстемеақы төлеп жатыр. Бұл бізге өте жақсы көмек болды. Оған дейін маман тапшылығын кәдімгідей сезініген болатынбыз», - деп еске алады Жұлдыз Данбаева.

Аты таныс болса да, заты бейтаныс індеттен алғашында медицина мамандарының өзі қатты сескенген сияқты.

Сол кезде бас дәрігердің өзіне білек сыбанып, майданға кірісуіне тура келген екен.

«Былтыр алғашында жұмыс істейтін маман тапшы болды. Көбі қорқып, бас тартып жатты. Сонда мен өзім бастап, орынбасарым мен меңгеруші бар, бірінші болып үлгі көрсетуге тура келді. Жедел жәрдем көліктері науқастарды әкеп жатса да, қабылдап алатын маман таппай қалдық басында. Сол кезде орынбасарым екеуміз ғана науқастарды қабылдай бастадық. Өзімде де қорқыныш болды. Бірақ қорыққанмен, адамдардың өмірін біреу келіп құтқарып бермейді ғой. Бірінші болып, халатымды шешіп, арнайы костюмді киіп, науқастарға беттедім. Содан кейін барып, артымнан қызметкерлер ере бастады», - дейді маман.

Дәрігер осындай қысылтаң шақта еркітлердің көмегі ерекше демеу болғанын ұтыпапты.

«Осындай кезеңде Ramada Plaza-ға 200 волонтер шақыртып, санитардың жұмысын үйреттік. Студенттермен бірге елдегі жағдайға бейжай қарамайтын заңгерлер, мұғалімдер ерікті түрде келіп, атсалысқаны есімде. Қазірге дейін солар жұмыс істеп жүр. Қазір маман тапшылығы жоқ. Пандемия өршіп тұрған кезде демалмай жұмыс істейтінбіз. Екі айдай үйдің бетін көрмей, 5 тәуліктен демалыссыз жұмыс істедік. Қазір ондай жүктемені кесте бойынша реттеуге мүмкіндік бар», - дейді бас дәрігер.

Жағдай реттеліп, індетпен күресудің жүйесі толық қалыптасқанымен, елордада коронавирустың таралуы әлі тйылыа қойған жоқ. Мұны маман вакциналауға елдің әлі де болса бейжа қарауымен байланыстырады.

«Дегенмен, науқастар саны азайып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, адамдар вакцинаның тиімділігін толық түсініп жатқан жоқ. Қазір ауруханаға түсіп жатқандардың бәрі – вакцина алмағандар. Қазір бізге түсетіндердің жағдайы ауыр болып келеді. Былтырғыға қарағанда жансақтау бөліміне түсетіндердің саны көп. Кейде кезекшілікке түскен күні жағдай қалыпты болып тұрады да, тәулік өте бере науқастар көбейіп кетеді. Науқас жұқтыру қарқыны күрт артатын кездер болып тұрады. Биылғы жылдың қиындығы осы болып тұр», - дейді Жұлзды Данбаева.

Қазір №3 көпбейінді ауруханада 1248 адам жұмыс істейді. Соның 11-і пандемиямен күресте жанкештілік көрсеткені үшін Үкіметтік награда алған. Ал бас дәрігер Жұлдыз Данбаеваға Конституция күніне орай «Парасат» ордені табыс етілген болатын.

«Дәрігер болып жұмыс істеп жатқаныман 30 жыл болды. Анам жағынан алсақ, дәрігерлер әулетінен шыққанмын деп айтуға болады. Екі әпкем де дәрігер. Сондықтан бала кезімде дәрігер болатынымды анық білдім», - деп аяқтады ол әңгімесін.


Юқорига