Об-ҳаво
Нур-Султон +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Орал жылу электр орталығын жаңартуға қосымша қаржы бөлінбейді

28 Май 2022 13:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы жылу электр орталығын (ЖЭО) жаңғырту жобасы тікелей нәтиже бермеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Энергетика министрлігінің 041 «жылу-энергетикалық жүйесін дамыту» бюджеттік бағдарламасы аясында 2020 жылдан бастап БҚО әкімдігінің «Жайықжылуқуат» АҚ Орал ЖЭО-ны турбоагрегатты ауыстыру бөлігі бойынша қайта жаңарту» жобасын іске асыру басталды. Жобаны жүзеге асыру үшін 2020 жылы 252 млн теңге бөлініп, игерілді. 2021 жылы жобаны аяқтау үшін 2,4 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 706 млн теңге түзету кезінде бюджетке кері қайтарылды. Сондай-ақ 1 млрд теңге игерілмеді, соның нәтижесінде тікелей нәтижелерге қол жеткізілмеді», - деп жазды Әлихан Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында.

Қосымша қаржы бөлуге қатысты Үкімет басшысының айтуынша, бюджет кодексінің 46-бабына сәйкес қосымша қаржы алдыңғы қаржы жылында бөлінген нысаналы даму трансферттері бойынша бюджеттік бағдарламаларда айқындалған, жергілікті бюджеттік инвестициялардың тікелей нәтижелеріне қол жеткізген жағдайда бөлінеді.

«Өткен қаржы жылында тікелей нәтижелерге қол жеткізілмеген және жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыру қамтамасыз етілмеген жағдайда нысаналы даму трансферті жергілікті бюджеттік инвестицияларды іске асыруға қайта берілмейді. Осылайша, жоба бойынша тікелей нәтижелерге қол жеткізілмеді және қоса қаржыландыру толық көлемде қамтамасыз етілмеген. Осыған байланысты республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі тікелей нәтижелерге қол жеткізу және оны жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі әрбір инвестициялық жобаны нақты қарауы қажет», - деп атап өтті Премьер-Министр.

«Жоғарыда айтылған жайттарды ескере келе, республикалық бюджет есебінен 1,7 млрд теңге сомасында жобаны одан әрі қаржыландыру туралы мәселені қарау мүмкін емес. Жобаны жергілікті бюджет қаражаты есебінен іске асыруды жалғастыру қажет», - деп түйіндеді Министрлер кабинетінің басшысы.


Муаллиф Әли Ибраев
Калит сўзлар: ҚР Үкіметі, ҚР Премьер-Министрі, Бюджет, Қаржы, Депутат,
Юқорига