Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Нұр-Сұлтанда МӘМС қызметіне қатысты 1 мыңнан астам шағым түскен

29 Июль 2021 21:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елордада міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі қызметіне қатысты 1165 шағым келіп түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл І жартыжылдықта азаматтардан келіп түскен өтініш-шағымдарға қатысты жоспардан тыс 39 мониторинг жүргізілді. Медициналық сақтандыру қорының негізгі басымдықтарының бірі – пациент құқығын қорғау. Осы орайда кері байланыс құралдары арқылы түсетін шағым-өтініштер ерекше бақылауда. Биыл 6 айдың ішінде бізге елордалықтардан 1165 шағым келіп түсті. Барлық шағымдар бойынша шаралар қабылданып, оның иелеріне жауап берілді. Жоспардан тыс жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 129 кемшілік анықталып, 18,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Мұндай жоспардан тыс мониторинг жасауды өткен жылмен салыстырғанда биыл 5 есеге көп жүргізіп отырмыз», - деді Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров ZOOM платформасында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, тұрғындар көбіне көрсетілген медициналық көмектің сапасына, консультативтік-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігіне (құрал-жабдықтардың болмауы, кезекті көп күту, жолдама бермеу, кадр жетіспеу) және тағыс басқа медициналық қызметтерге шағымданады.

«Арыз-шағымдардың көбісі медициналық көмек көрсетуді дұрыс ұйымдастыруға қатысты. Ол мәселелердің шешімі сол медицина мекемесінде немесе Денсаулық сақтау басқармасында шешімін табуы тиіс. Осы орайда біздің қор медицина қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру (онлайн) семинарларын өткізуді ұйымдастырып жатыр. Медициналық ұйымдар пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметтерінің жұмысын жолға қоюы, тіркелген тұрғындардың мұқтаждықтарына жауапкершілікпен қарауы қажет», - дейді ол.

Айта кетсек, елорда тұрғындары МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесі немесе медициналық көмек алу бойынша сұрақтарға жауапты қордың елордалық филиалына 1406 байланыс орталығына хабарласу және Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы SaqtandyryBot, қордың fms.kz сайты арқылы қосымша ақпараттарды ала алады.


Юқорига