Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы 37 пайызға ұлғайтылады

28 Сентябрь 2021 13:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 37 пайызға ұлғайтылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, бала денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақылардың мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.

«Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7 пайыздан 37 пайызға дейін ұлғайтылады. Іс-шара 30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға қатысты болады», - деді ол.

Сондай-ақ, оның атап өтуінш, заңда мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алименттер мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады.Сондай-ақ, ата-анасының біреуі немесе екеуі (асыраушысы) қайтыс болған жағдайда, бала мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар (мөлшері 41 163 – тен 48 023 теңгеге дейін) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны ала алады (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін)», – деп түсіндірді Ерлан Әукенов.


Юқорига