Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қырғызстанда Қазақстан Республикасының Мәдениет күндері өтеді

7 Октябрь 2021 05:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 7-9 қазан аралығында Бішкек қаласында Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы мәдениет күндері өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып отырған Мәдениет күндері аясындағы іс-шаралар легі мынандай:

7 қазанда «Манас» кионотеатры залында Қазақстан кино күндерінің ресми ашылуы өтеді.

9 қазанға дейін Рүстем Әбдірашевтің «Алмас қылыш», Ақан Сатаевтың «Томирис», «Жау жүрек мың бала», «Анаға апарар жол», «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмдері мен Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының «Мұзбалақ», Адай Әбілдиновтің «Күлтегін» анимациялық фильмі көрсетіледі.

7 қазан, сағат 19:00-де Т.Сатылғанов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясында Қазақстан өнер шеберлерінің Гала-концерті өтеді. Концертте Қазақстанның халық артистері, Қазақстанның Еңбек Ері Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық артисі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның халық артисі, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Майра Мұхамедқызы және Қазақстанның өзге де танымал орындаушылары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді.

8 қазан, сағат 14:00-де Г.Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық бейнелеу өнері музейінде Қазақстанның археологиялық артефактілері мен бейнелеу өнерінен сыр шертетін көрме өтеді. Қырғызстандықтардың назарына Ұлы Дала өркениетін құрушы – көшпенділердің мәдени салттарының әртүрлі қырын және аспектілерін бейнелейтін еліміздің Орталық мемлекеттік музейінің және Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің 70-тен астам бірегей жәдігері ұсынылады.

8 қазанда, сағат 19:00-де А.Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық Ленин орденді академиялық опера және балет театрының залында Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсын Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театры артистері орындайды.

Юқорига