Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ҚР спортшылары Бейжің Олимпиадасының лицензиясы үшін 50-ге жуық турнирге қатысады

11 Октябрь 2021 11:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бейжің қысқы Олимпиадасы қарсаңында Қазақстан спортшылары 50-ге жуық лицензиялық турнирге қатысады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешовтің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«2021 жылғы 2 қыркүйекте Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжановтың төрағалығымен бұқаралық спортты дамыту және Бейжің қаласында (Қытай) өтетін 2022 жылғы XXIV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың, барлық өңірлер әкімдері орынбасарларының, бас жаттықтырушылардың, қысқы спорт түрлері бойынша федерациялардың, Ұлттық олимпиада комитетінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті.

Онда, тиісінше, қысқы спорт түрлерін дамытудың проблемалық мәселелері бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, қысқы спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының штаттық құрама командалары бас жаттықтырушылардың жеке басшылығымен бекітілген жеке дайындық жоспарларына сәйкес қысқы Олимпиада ойындарына белсенді дайындалуда», - делінген вице-министр жауабында.

Оның дерегінше, 2020 жылдан бастап 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына лицензияларды жеңіп алу бойынша түрлі әлемдік лицензиялық, рейтингілік турнирлер өткізіледі. Қазақстандық спортшылар, сондай-ақ басқа елдердің спортшылары да осы турнирлерге қатыса отырып, Олимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингілік ұпай жинайды.

«Соңғы лицензиялық турнир 2022 жылдың қаңтар айында өтеді. 2022 жылғы қаңтар айының соңында рейтингілік турнирлердің қорытындылары шығарылып, лицензиялардың саны айқындалатын болады. Айта кету керек, Олимпиада ойындарының алдында спортшыларымыз 50-ге жуық лицензиялық турнирге қатысуды жоспарлап отыр. Қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы, биатлон, конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, фристайл-могул, фристайл акробатика және тұғырдан шаңғымен секіру бойынша іріктеу жарыстарына қатысады», - деді Нұрқиса Дәуешов.


Юқорига