Об-ҳаво
Нур-Султон +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қосшыда электр нысандарын салу кезінде 222 миллион теңге жымқырылған

28 Май 2022 00:51

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қосшы қаласында сыртқы электрмен жабдықтау объектілерін салу кезінде 222 миллион теңгеден астам бюджет қаржысы жымқырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш қылмыс прокурорлық тексеріс барысында анықталды.

«Тапсырыс беруші ретінде Қосшы қаласының құрылыс бөлімі трансформаторлық қосалқы станцияларды орнатпаған. Алайда 222,2 миллион теңге мөлшерінде негізсіз төлем жүргізіп, осы жұмыстарды орындау туралы актілерге қол қойған (2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жұмыстар орындалған жоқ). Арнайы прокурорлар басқармасы осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі 2-бөлімшесі (аса ірі көлемде жымқыру) бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр», - деді прокуратураның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта тергеу органы соттың санкциясымен құрылыс бөлімінің басшысын қамауға алды.

«Осы ретте, прокуратура бюджет қаражатын жымқырғандарға ҚР Қылмыстық Кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-бөлімшесі бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын хабарлайды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етуге жатпайды», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, Ақмолада жемқорлық жасап сотталған 42 шенеуніктің 16-сы ғана түрмеге қамалған.


Калит сўзлар: Ақмола облысы, Бюджет, Қаржы, Қылмыспен күрес, Аймақ,
Юқорига