Об-ҳаво
Нур-Султон +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндіктері кеңейтіледі - Бақыт Нұрмұханов

18 Май 2022 17:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құқық үстемдігі саласында ең ірі өзгерістердің бірі – Конституциялық сот құру. Бұл туралы Конституциялық кеңестің аппарат басшысы, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ұсыныстар дайындау бойынша жұмыс тобының мүшесі Бақыт Нұрмұханов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік маңызы бар өзгерістердің тағдырын Қазақстан азаматтары шешпек. Бұл - әлемдік тәжірибеде қалыптасқан ең демократиялық жол. Осы жолы референдум таңдалып отыр. Қазақстанда референдум бұрын екі рет өткізілген. Шетел тәжірибесінде де референдум институты кең тараған. ХІХ ғасырдан бері Швейцарияда 500-ден астам референдум өткен. Бұл жердегі мақсат – тағдыршешті мемлекеттік шешімдерді халықтың тікелей қатысуы арқылы қабылдау. Алдағы апталардың ішінде әрбір Қазақстан азаматы ұсынылып отырған конститциялық өзгерістердің мәні мен мазмұнын, болашақтағы рөлін терең түсінгені жөн», - деді Б. Нұрмұханов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол заң жобасында көзделген өзгерістерді бірнеше бағытқа бөлуге болатынын атап өтті.

«Бұл тұрғыда қоғам мен мемлекетті одан әрі демократияландыру, құқық үстемдігін нығайту, сондай-ақ саяси жүйені түбегейлі жаңғырту ескерілен. Осы ірі блоктардың ішінде жекелеген топтарға шоғырланған нормаларды атауға болады. Құқық үстемдігі саласында ең ірі өзгерістерді бірі – ол Конституциялық сотты құру. Қазіргі кезде Конституциялық сот әлемнің 70-тен астам мемлекетінде жұмыс істеп тұр. Бұл институт Еуропа елдерінде, Латын Америкасы, Африка және ТМД кеңістігінде кең тараған», - деп тоқталды жұмыс тобының мүшесі.

Бақыт Нұрмұханов 1995 жылы қолданыстағы Конституцияға сәйкес Конституциялық кеңес құрылғанын, осы 27 жылдың ішінде бұл кеңес өзінің берілген өкілеттіктерінің аясында құқықтық мемлекет ұстанымдарын орнықтыру саласына лайықты үлесін қосқанын айтты.

«Алайда заман ағымы жаңа талаптар қойып отыр. Конституциялық соттың үлкен ерекшелігі – оған азаматтар, заңды тұлғалар және басқа да қоғам өкілдері жүгіне алады. Бұл өзгерісті халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын енгізудің бір нысаны ретінде қарастырған жөн. Жалпы, Конституциялық сот келесі жылдың басынан жұмыс істей бастайды. Әрбір Қазақстан азаматының белгілі бір дауды шешу кезінде қолданылатын заңның әрі өзге де нормативтік-құқықтық актінің Ата Заңның талаптарына сәйкестігі тұрғысынан күмәні болған жағдайда, тікелей Конституциялық сотқа жүгіну құқына ие болады. Қазіргі кезде Конституциялық кеңеске 6 субъект жүгінсе, енді Конституциялық сотқа 9 субъект жүгіне алады. Яғни, азаматтар Конституциялық сотқа тікелей өздері, омбудсмен, Бас прокурор немесе жалпы соттар арқылы жүгіне алады. Осы орайда, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың кепілдерінің саны артады», - деді Б. Нұрмұханов.

Бұл тұрғыда ол азаматтардың, қоғамның конституциялық бақылау органдарына қол жеткізуін кеңейту халықаралық үрдіс екенін атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Конституциялық сот құруды ұсынды.

Осы жылы 5 маусымда Конституцияға бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізу бойынша республикалық референдум өтеді.

Республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне тоқталсақ, 15 мамырдағы ақпарат бойынша бұл тізімге 11 млн 722 мың 536 адам енгізілген.


Муаллиф Руслан Ғаббасов
Калит сўзлар: Заң, Конституция, Референдум,
Юқорига