Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Көкшетаулық кәсіпкер аутизмі бар балаларға арналған спорт залын жөндеп берді

25 Сентябрь 2021 23:29

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетаулық кәсіпкер аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған спорт залын жөндеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың сәуір айында мүмкіндігі шектеулі жандардың «Мерген» спорт клубында ойлау қабілеті нашар балаларға арналған бөлімше ашылды. Оған «Ерекше өмір» қоғамдық қорының балалары барады. Күрделі жөндеуді көрмеген мұндағы спорт залы балалардың спортпен шұғылдануына кедергі болған. Осынау игі істі туған өлкеге немқұрайлы қарамайтын кәсіпкер Артем Синельников жүзеге асырған. Ол «ерекше» балаларға көмектесуге шешім қабылдап, спорт залын адам танымастай өзгерткен.

«Біздің қаламызда, облыста осындай балалар үшін жайлы орта құру маңызды. Біздің кәсіпорынның осындай игі іске үлесі қосқаны мені қуантып отыр. Осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта тағы көмектесе беретін боламыз», - деп атап өтті А.Синельников.

Ойлау қабілеті нашар баланың анасы, «Ерекше өмір» қоғамдық қорының жетекшісі Әлия Рақымбекованың айтуынша, ұйым 2018 жылы құрылған, онда екі жастан 13 жасқа дейінгі балалармен логопедтер, дефектологтар және психологтар жұмыс істейді.

«Спортзалдағы жөндеу жұмыстары өте сапалы атқарылды, меценат пен оның ұжымына адал еңбектері үшін шынайы алғысымды білдіремін. Балалардың жаттығуы үшін барлық жағдай жасалған. Спортзалдың іші жарықтанып, кеңейді. Ендігі арада біз жеке сабақтар үшін қажетті спорттық құрал-жабдықтарды сатып алуды, сондай-ақ үлкейген балаларды оңалтуды жоспарлап отырмыз», - деді Ә.Рақымбекова.


Юқорига