Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Қазақстанның 100 жаңа есімінің» 4-кезеңі: Жеңімпаз атанған алматылықтар кімдер

23 Июнь 2021 20:56

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының төртінші кезеңінің жеңімпазы болған алматылықтармен кездесті, деп ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жоба 2017 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бәсекеге қабілеттілік, прагматизм мен білімге табыну идеяларын әртүрлі мамандықтағы нақты адамдардың арқасында іске асуда.

Төрт жылдың ішінде жобаға 7 мыңнан астам адам қатысты, олардың 163-і жеңімпаз атанды. 46-сы – алматылықтар.

Байқаудың төртінші кезеңінде барлық жеті сала бойынша («Қоғам», «Мәдениет пен спорт», «Медицина», «Ғылым мен инновация», «Бизнес», «Экология» мен «Білім») үш мыңға жуық қазақстандық өтінім берген, арасында 9 алматылық финалис бар. Оған кәсіпкерлер, ғалымдар, журналистер, спортшылар, мұғалімдер мен еріктілер қатысқан.

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров жеңімпаздарға алғыс хаттар табыс етті.

«Жобада Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен, жеңіске өздерінің таланты, еңбекқорлығы арқылы бәсекеге қабілетті әрі табысты бейнесін қалыптастыруға өз үлестерін қосқан адамдар жетті. Біздің Отанымыз дарынды азаматтарға жағдай жасайды. Патриотизмде Отанға деген сүйіспеншілігіміз маңызды. Біздің еліміз жастардың жетістікке жетуіне мүмкіндік береді. Жоба жеңімпаздары миллиондаған адам үшін үлгі», – деді Ержан Бабақұмаров.

«100 есімге» енгендердің ішінде ҚазҰАУ халықаралық вакцинология орталығының директоры, профессор Қайсар Табынов бар. Ғалым «Ғылым мен инновация» саласында жеңімпаз атанды: ол өз тобымен бірге соңғы 15 жыл ішінде қауіпті инфекцияларға қарсы 10-ға жуық вакцина жасады. Оның бірегей жобалары қазірдің өзінде қолданылады.

Жеңімпаздар қатарында жаңашыл әрі табысты кәсіпкер Таир Баталов та бар. Ол астық нарығындағы әлемдік айналымның 80% дейін көлемін қамтыған компания құру арқылы мыңнан астам жұмыс орнын құрды.

Жеңімпаздар тізіміне профессор, журналист әрі «Тұран-ТВ» телеарнасының жүргізушісі, Абылайхан атындағы ҚазХҚжӘТУ оқытушысы Мадина Әшімова кірді. Ол сондай-ақ «Nomad» саяхатшылар клубын ұйымдастырады.

«Мен бірқатар әлеуметтік жобаның ұйымдастырушысымын, журналист болып жұмыс істеймін әрі ЖОО-да сабақ беремін. Жас қазақстандықтарға өз арманына жету керектігін көрсеткім келеді. Менің жобаға қатысуым әйелдің тағдыры тек отбасы мен үйде ғана емес екенін көрсетеді», – деді Мадина Әшімова.

Сондай-ақ «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары қатарында фотограф, «OKO STUDIO» негізін қалаушы Данияр Сәрсейұлы, АҚШ-тағы хоккей клубының жаттықтырушысы, Princeton Tiger Lilies командасының бас жаттықтырушысы, спортшы әрі хоккей шабуылшысы Бұлбұл Картанбай, стартапер, Warwick Boring негізін қалаушы әрі бас инженері Тайжан Санжар, химия пәнінің мұғалімі, жапондық аниме «Наруто» арқылы мектеп пәнінен сабақ беретін Ұлан Үсенов, Kzphdgirlsunion еріктілер жобасының негізін қалаған, Carl Zeiss компаниясындағы экстремалды УК-лифтография саласындағы ғалым Әмина Мирсакиева және АҚШ-тағы Qazaq time жобасының жүргізушісі Данияр Қожан бар.














Муаллиф Алма Мұқанова
Калит сўзлар: Аймақ, Алматы, Әкімдік, 100 жаңа есім,
Юқорига