Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстанда мекен еткен динозаврлар: 3-сынып оқушысы онлайн-карта жасады

20 Октябрь 2021 02:09

ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Теміртау қаласының тұрғыны, Тоқтар Әубәкіров атындағы гимназияның 3-сынып оқушысы Александр Алиев «Дарынды жас ғалым – 2021» дәстүрлі республикалық ғылыми-зерттеу жобалары байқауында бірінші орын жеңіп алды. Оның динозаврлар туралы жұмысы «Дарын» номинациясында үздік деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баланың динозаврларға қызығушылығы 5 жыл бұрын басталған. Ата-анасы оған қолдау білдіріп, энциклопедиялар мен кітаптар, ойыншық кесірткелер сатып алып беріп отырған. Қазір Сашада 100-ге жуық фигура бар.





«Ұлым 5 жылдан артық динозаврларға қызығушылық танытып келеді. Осы ежелгі жануарлар туралы мәліметтерді кез келген ақпарат көздерінен жинайды. Біз тіпті Мысырда динозавр саябағына бардық. Онда үлкен фигуралар бар. Ол жерде Саша гидтен жан-жақты ақпарат алды. Тәжірибелі гид динозаврлар туралы білген барлық білімімен бөлісті», – дейді Сашаның анасы Елена Куропятникова.





Саша үздік оқушылар қатарында. Математика мен ағылшын тілін жақсы көреді. Оның болашаққа жоспары ауқымды. 6 жасына дейін ол премьер-министр болғысы келген. Енді президент болуды армандайды. Бірақ ең үлкен хоббиінің бірі – динозаврларды ұмытпақ емес.

«Сыныпта Сашаның хоббиі туралы барлығы біледі. Ол үнемі балаларға динозаврлар туралы жаңа мәлімет айтады. Жоба идеясы жаратылыстану сабағында пайда болды. Біз «Қазақстан аумағында тіршілік еткен жануарлар» тақырыбын қарастырдық. Балалар «біздің республика аумағында динозаврлар болды ма?» деген сұрақ қойды. Саша бұл сұраққа жауап іздеуге бірден талпыныс білдірді, сондықтан мен оған бұл туралы көбірек білуге тапсырма бердім», – дейді бастауыш сынып мұғалімі Ольга Штер.





Осылайша бір жыл бұрын жоба дүниеге келді. Мұғаліммен бірге Саша кітаптар мен интернеттен жауап іздей бастады. Алдымен қарапайым карта жасалды, онда динозаврлардың тіршілік ету ортасы белгіленді. Біз жоғары технологиялар әлемінде өмір сүріп жатқандықтан, онлайн-карта жасау туралы шешім қабылданды. Онда бір кездері Қазақстанда өмір сүрген динозаврлар орналасқан.

«Мысалы, Қарағанды облысының аумағында динозаврлар тұқымдасының ең ірі жыртқышы – тираннозавр немесе тирекс өмір сүрген. Егер курсорды онлайн-картадағы кез келген динозаврдың суретіне алып келіп, бассаңыз, ол туралы көптеген қызықты мәлімет шығады. Саша екеуіміздің зерттеуіміз барысында жалпы Қазақстан аумағында динозаврлардың 10-нан астам түрін табуға мүмкіндік туды», – деп түсіндіреді Ольга Штер.





Жоба гимназиялық және қалалық конференцияларға қатысты. Педагог республикалық байқау туралы біліп, өтінім жібергенін айтады.

«Қазақстанда қандай динозаврлар өмір сүрді?» атты еңбегіміз қазылар алқасының тек қызығушылығын оятып қана қоймай, олардың жоғары бағасын алды. Осылайша бірінші орынға ие болдық.

Баланың таланты мен білімге ұмтылысы үшін арнайы диплом, сертификат және «Жас ғалым» төсбелгісі берілді. Жоба республикалық кітап-жинаққа енгізілді», - дейді Сашаның ұстазы.

Қазіргі уақытта Саша Алиев мұғалімімен бірге жоба бойынша жұмысын жалғастыруда.











Юқорига