Об-ҳаво
Нур-Султон +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қазақстан киберқауіпсіздік саласындағы жетістіктерін бөлісуге дайын

26 Май 2022 11:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Еуразия экономикалық одағына мүше елдермен киберқауіпсіздік саласындағы соңғы жетістіктерін бөлісуге дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бішкекте өтіп жатқан Еуразия экономикалық форумның «Цифрлық даму - тиімді интеграцияның кілті» атты панельдік сессиясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек сөз сөйледі.

«2020 жылы Қазақстанда дербес деректерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган айқындалды. 2018 жылы «Қазақстан киберқалқаны» бағдарламасы қолға алынды. Оны іске асыру нәтижесінде біз әлем елдері арасында 108-ші орыннан 31-ші орынға көтерілдік. Сонымен қатар мемлекеттік және жеке деректерді қорғауға арналған бірқатар құралдар қолға алынды. Мысалы, дербес деректерді бақылау сервисі іске қосылды. Бұл дегеніміз сіздің дербес деректеріңізге қол жеткізгісі келетін мемлекеттік органдар немесе жеке ұйымдар алдымен сізге сұрау жібереді. Сіз смартфонның көмегімен жеке мәліметіңізді пайдалануға рұқсат бересіз немесе тыйым саласыз. Бүгінде банктер мен кейбір операторлар аталған әдіспен жұмыс істеп жатыр, - деді А.Оразбек.

Сондай-ақ, вице-министр мемлекеттік деректерді қорғау үшін «қашықтан жұмыс істеу орны» құралы туралы айтты.

Оның көмегімен мемлекеттік органдар қорғалған контурда орналасқан өз инфрақұрылымымен интернетсіз жұмыс істей алады.

Осы орайда министр орынбасары Қазақстан осы және басқа да құралдарды Еуразия экономикалық одақ серіктес елдерімен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді.

«Мемлекеттік және дербес деректерді қорғауда Қазақстан ЕАЭО бойынша әріптес елдер арасында өзара дерек алмасу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін криптографиямен бөлісуге дайын. Дербес деректерді трансшекаралық алмасу кезінде оның қауіпсіздігін қорғау маңызды», - дейді ол.

Оның айтуынша, деректерді қорғау саласына кешенді интеграция қажет.

Бұған дейін хабарлағанымыздай Бішкекте алғашқы Еуразия экономикалық форум өтіп жатыр.

Аталған шараға елімізден бір топ делегация барды.


Юқорига