Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағандыда «Әуенді Сарыарқа» XXII халықаралық фестивалі өтеді

17 Октябрь 2021 10:51

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 19–22 қазан аралығында Қарағандыда дәстүрлі «Әуенді Сарыарқа» XXII халықаралық фестивалі өтеді. Іс-шараны ұйымдастыру комитеті төрт күн бойы көрерменнің классикалық, халықтық, үрмелі, джаз сияқты түрлі стильдер мен жанрлардағы музыкадан ләззат алуы үшін барын салмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестиваль 19 қазан сағат 18:30-да Кеншілер мәдениет сарайында дәстүрлі ән салу әртістерінің қатысуымен өтетін концертпен ашылады. Кеш қонақтары: ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Рамазан Стамғазиев, Ардақ Исатаева, Серік Оспанов, Жақсыкелді Кемалов, Айтбек Нығызбаев, Нұржан Жанпейісов, «Құрмет» орденінің иегері Сержан Мұсайын, мәдениет қайраткерлері Дәуренбек Аркенов және Толғанбай Сембаев.

20 қазан сағат 18:30-да «Шалқыма» концерт залының сахнасында Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптарының академиялық оркестрі өнер көрсетеді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Стамғазиев пен Әзербайжанның еңбек сіңірген қайраткері Сахиб Пашазаде солистердің қатарында. Дирижерлер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абдуғалисын Шоқанбаев және халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Бақтыгерей.

Сол күні циркте сағат 19:00-де Қарағанды Джаз оркестрінің концерті өтеді. Джаз фестивальдерінің солист-лауреаттары Ирэн Аравина (вокал, Алматы қ.) және Максим Андрейченко (саксофон, Калининград қ.) өнер көрсетеді. Әуенді кеш ҚР еңбек сіңірген қайраткері Игорь Андрейченконың дирижерлігімен өтеді.

Классикалық музыка сүйер қауымды 21 қазан күні сағат 18:30-да «Шалқыма» КЗ-да ҚР еңбек сіңірген қайраткері Петр Грибановтың дирижерлік басқаруымен Еркеғали Рахмадиев атындағы симфониялық оркестрдің концертіне шақырады. Солист – халықаралық байқаулардың лауреаты Мирослав Култышев (фортепиано, Мәскеу қ.).

Фестивальдің жабылу салтанатында 22 қазан сағат 18:30-да циркте «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі мен «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблінің концерті өтеді. Кеш қонағы Тәжікстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Хайролла Дадобоев (соқпалы аспаптар, Душанбе қ.).


Юқорига