Об-ҳаво
Нур-Султон +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қарағанды перинаталдық орталығы босанатын әйелдерді жаңартылған жағдайда қабылдауға дайын

29 Январь 2022 08:53

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облыстық №1 перинаталдық орталығында күрделі жөндеу аяқталды. Ғимаратта жарты ғасырдан астам уақыт бойы күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілмеген. Жаңартылған перзентхана заманауи медициналық құралдармен жабдықталды, сондай-ақ SOS-жүйесі – дабыл түймелері орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Науқастарға арнайы білезіктер беріледі, олар су өткізбейді.

Қоңырау шалған кезде қызметкерлер бірнеше минут ішінде жауап береді, себебі сигнал ұялы телефондарға түседі.

Босанатын әйелдер мен жаңа туған нәрестелер үшін орталықта қандай жағдайлар жасалғанын өңір басшысы Жеңіс Қасымбек көріп қайтты.

1965 жылы салынған ғимарат үлкен өзгерістерді қажет етті. Қазір жаңа операциялық блок пен тоғыз босану палаталарына арналған реанимация залы жабдықталған.

Наркозды-тыныс алу аппараттары, жүкті әйелдерге арналған КТГ-аппараттары, операциялық емдеуге арналған функционалдық үстел және тағы басқалар сатып алынды.

Жаңа туған нәрестені қабылдауға арналған трансформаторлық кереуеттер бар. Айта кету керек, облыстың кез келген медициналық мекемесінде мұндай төсек бола бермейді. Сондай-ақ, жылытылатын балалар үстелдері пайда болды. Патологиялары бар жаңа туған нәрестелерді күту және реанимациялау үшін барлық қажетті жабдықтар бар.




«Перзентхананың қуаттылығы – 175 төсек-орын. Жайлы палаталардағы жағдай үйдегі жағдайға жақын», – дейді №1 перинаталдық орталықтың жетекшісі Александра Моторгина.

SOS жүйесі де ұйымдастырылған. Бұл қызметкерлерді шақыруға және шұғыл әрекет етуге, пациенттерге алғашқы көмек көрсетуге арналған медициналық жүйе. Ақпарат ұялы телефонға түседі, онда көмекке мұқтаж палата мен бөлім көрсетіледі. Бұл телефондар барлық қабаттарда және қабылдау-диагностикалық бөлімде орналасқан. Барлық палаталарда санитарлық-душ бөлмелері пайда болды – бұрын ондай болмаған. Ғимаратта вентиляция жүйесі толығымен ауыстырылды.

«Аурухана өте жақсы, таза, кең. Медицина қызметкерлері өте мейірімді. Маған бәрі ұнады. Мен мұнда бірінші рет келдім», – дейді науқас Малика Динасилова.

Қабылдау-диагностикалық бөлімшесі халықаралық триаж (КЖ) жүйесі бойынша жұмыс істейтін болады. Бұл бүкіл әлемдегі ауруханаларда қолданылатын және науқастарды жедел көмек көрсету негізінде тарататын пациенттерді медициналық сұрыптау.

Қабылдау аймақтары түрлі-түсті болып бөлінген. Жоспарлы науқастар «жасылға» барады. Әйелге шұғыл көмек қажет болмаса, «сары» аймаққа өтеді. Ал «қызыл» аймаққа өмірі дәрігерлердің шұғыл көмегіне тәуелді адамдар барады.




Перзентханада жаңа туған нәрестелер мен салмағы өте төмен балаларға реанимациялық көмек көрсететін жансақтау палаталар бар. 22 аптадан бастап дене салмағы 540 граммнан басталатын шала туған нәрестелер перинаталды блокта емделеді.

Жыл сайын мұнда бес мыңға жуық сәби дүниеге келеді.

2000 жылы ДДҰ /ЮНИСЕФ бағдарламасы бойынша Қарағанды перзентханасы «Балаға достық қарым-қатынас ауруханасы» мәртебесін алды. Өткен жылы бұл мәртебе расталды.

Жеңіс Қасымбек қызметкерлермен кездесіп, жұмыс мәселелерін талқылап, дәрігерлерге кәсібилігі үшін алғысын білдірді.

«Игі еңбектеріңіз үшін көп рахмет! Қарағанды облысының барлық тұрғындары атынан сіздерге алғыс айтқым келеді. Сіздер көтерген барлық мәселелерді біз шешетін боламыз. Егер қандай да бір басқа проблемалар болса, мен әркімді қабылдауға және тыңдауға әрқашан дайынмын», – деді облыс әкімі.


























Юқорига