Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды облысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің құрметіне ескерткіш орнатылды

23 Июнь 2021 23:41

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Шет ауданы Ақадыр ауылында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан құқық қорғау органы қызметкерлерінің құрметіне тұрғызылған обелискінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шараға облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Қайыркен Әлиев, Шет ауданы әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин, батыр-милиционерлердің туыстары қатысты.

«Қаза тапқан қызметкерлер – Отанға және заңға шексіз берілгендіктің үлгісі. Қылмыспен күресте олар өмірін қия отырып, қызметтік борышын соңына дейін орындады. Олардың батырлығы Қазақстан полициясының тарихына алтын әріппен жазылған. Ғабдолла Жұматаевтың, Оразбай Туғамбаевтың, Бауыржан Серіковтың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олар өскелең ұрпақ үшін батылдық пен ержүректіктің жарқын үлгісі болып табылады», - деп атап өтті Қайыркен Әлиев.




«Біз қаза тапқан жерлестерімізді еске алып, құрметтейміз. Отан мен заңға қызмет ете отырып, өз өмірін құрбан еткен азаматтарды ешқашан ұмытпаймыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ардагерлер мен құқық қорғау органы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Оларға денсаулық, қызметтік мансабында табыс тілейміз», - деді Азамат Әбілдин.

Іс-шарада Бауыржан Серіковтың анасы Жаңылған Мешелова сөз сөйледі.




«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ҚР ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаевқа, облыс ПД бастығы Ерлан Файзулинге менің ұлымды еске алғаны үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Бауыржан мен оның әріптестерінің ерлігі ұмытылмайтынына сенімдімін. Ал ана үшін бұл – өте маңызды», - деді марқұм полицейдің анасы.




1995 жылы 2 наурызда Ақадыр аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші бөлімінде болған қызметкерлер полиция бөлімінен қашуға тырысқан қылмыскерді ұстау үшін барын салды. Оқиға барысында қылмыскерлер қарулы қарсылық көрсетті. Оқ жарақатынан милиция капитаны Ғабдула Жұматаев, милиция сержанттары Оразбай Туғамбаев, Бауыржан Серіков қайтыс болды. 2020 жылдың 3 желтоқсанында ҚР Президентінің Жарлығымен олар қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.


Муаллиф Агата Мухамеджанова
Калит сўзлар: Қоғам, Қарағанды облысы,
Юқорига