Об-ҳаво
Нур-Султон +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Қаңтар қасіреті: Қайтыс болғандар мен зардап шеккендерге қанша өтемақы төленеді

25 Январь 2022 15:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған шерудің басты себебі сұйытылған газ бағасының өсуіне байланысты еді. Маңғыстауда басталған бейбіт шеруге кейіннен республиканың басқа аймақтары да қосылды. Алайда, бейбіт шеруді деструктивті күштер пайдаланып, соңы қақтығысқа ұласты.

Тәртіпсіздіктер барысында 225 адам қаза болды. Олардың арасында әскерилер де, террактілерге қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасаған қарулы бандиттер де бар. Осы орайда, м емлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін жедел іс-қимылдар жоспары н әзірлеуге тапсырма берген еді. Аталған жоспардың бір бөлігі жарақат алған тиісті органдардың қызметкерлеріне өтемақы төлеуді, қаза тапқан органдар мен бейбіт азаматтардың отбасыларына көмек көрсету секілді мәселелерді қамтиды. Осы орайда, қайтыс болған қызметкерлердің отбасына қанша өтемақы төленеді, олардың ата-анасына және балаларына тағы қандай жеңілдіктер қарастырылады, сонымен қоса ең көп зардап шеккен шаһар Алматыдағы жеке тұлғаларға қандай көмек көрсетілетіні жөнінде Қазақпарат агенттігі сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша берілген тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер министрлігі бірқатар іс-шараны қолға алмақ.

Біріншіден, әскери даярлықты және қамтамасыз етуді арттырып, әскери қызметшілердің моральдық рухын көтеру бойынша шаралар қабылдау көзделіп отыр. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев үкімет отырысында ең алдымен, арнайы бөліністердің материалдық-техникалық базасын нығайту жоспарланғанын атап өткен еді. Оның дерегінше, жалпы материалдық базаны нығайту үшін Үкімет резервінен 20,7 млрд теңге бөлінген. Енді мемлекеттік сатып алу рәсімдері жасалмақ.

Ал, жеке құрамның әскери рухын көтеруге қатысты Отанды сүюге, қызметтік міндетке адал болуға тәрбиелеу бойынша да іс-шаралар жоспары бекітілген. Мәселен, қиындыққа шыдау, төзімді болуға баулитын арнайы тренигтер ұйымдастырылатын болады. Сонымен қоса, ынталандыру мақсатында қызметкерлердің еңбегін бағалау тұрақты жүзеге асырылады. Мысалы, төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен қызметкерлерге 150 мың теңге, курсанттар мен әскерилерге бағалы сыйлықтар берілмек.

Екіншіден, министрдің мәліметінше, дипломатиялық өкілдіктерді, инвестиция субъектілерін және шетел компанияларының бизнесін қорғау бойынша шаралар қабылдау да қолға алынды.

«Қазіргі уақытта ішкі істер органдары ерекше режимде қызмет атқарады. Патрульдік полиция жасақтарының саны ұлғайтылды. Аса маңызды мемлекеттік объектілердің күзеті күшейтілді. Дипломатиялық миссиялардың ғимараттарына қосымша қарулы бекеттер қойылды. Мамандандырылған күзет қызметімен 73 дипломатиялық миссия күзетіледі», - деп толықтырды министр үкімет отырысында.

Үшіншіден, қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған әскери қызметкерлердің және ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасыларына біржолғы өтемақы төлеу қарастырылып отыр. Ерлан Тұрғымбаевтың дерегінше, жақында қаңтарда террористер қолынан полиция мен Ұлттық ұланның 8 қызметкері қайтыс болып, 2 911 қызметкер жарақат алды. Ерлікпен қаза болғандар 2-дәрежелі және 3-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Қайтыс болған қызметкерлерге қанша төлемақы төленеді

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта қызмет кезінде қайтыс болған қызметкерлерге өтемақы төлеуге қатысты есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Құқық қорғау қызметі туралы» ҚР заңының 66-бабы бойынша қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына әлеуметтік кепілдіктер көзделген. 2011 жылғы 6 қаңтардағы «Құқық қорғау қызметі туралы» ҚР заңнамасының 66-бабы 3-тармағына сәйкес, құқық қорғау органдарының қызметкері қызметтік міндетін атқару кезінде не болмаса қызметтен босатылғаннан кейін бір жыл ішінде тиісті қызметтік міндеттін атқару кезінде алған жарақат салдарынан қаза тапқан жағдайда, асырауындағыларға немесе мұрагерлерге соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық (5 жыл) ақшалай қаражаты мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.

Сондай-ақ, заңның 67-бабы бойынша, үш айлық ақшалай қаражаты мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу түрінде жерлеуге арналған шығындарды өтеу қарастырылған.

Ата-анасына қандай көмек көрсетіледі

ҚР 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының 51-бабы 2-тармағына сәйкес, әскери қызметшілердің ата-анасына да өтемақы төленеді. Мәселен, әскери қызметші қызметін атқару кезінде не әскери қызмет өткеру кезеңінде алған жарақаты (жаралануы, жарақаттануы, контузиясы) немесе ауруы салдарынан қызметтен босатылғаннан кейін қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, әскери қызметшінің мұрагерлеріне қаза тапқан күні соңғы атқарған лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде өтемақы беріледі. Ал, мерзімді әскери қызметтегілердің, әскери оқу орны курсанттарының, әскерге шақырылған әскери міндеттілердің мұрагерлеріне 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.

Қаза тапқандардың балаларында қандай жеңілдіктер бар

Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкердің балаларына кәмелетке толғанға дейін ҚР үкіметі белгілеген тәртіппен медициналық және санаторий-курорттық қызметті пайдалану құқығы сақталады. Сондай-ақ, қызметкерлердің балалары әскери мектеп-интернаттарға және кадет корпустарына конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдалануға мүмкіндігі бар. Сонымен бірге, оқуға түсушілер үшін белгіленген талаптар бойынша балдың шекті деңгейін жинаған жағдайда, құқық қорғау органының білім беру ұйымдарына конкурстан тыс қабылданады.

Бұдан бөлек, баспасөз қызметінің сөзінше, министрлікҚР Білім және ғылым министрлігімен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, оқу процестері және тұрғын үй мәселесі бойынша бірқатар жеңілдік жасау мәселесін пысықтап жатыр.

Алматыда зардап шеккен жеке тұлғаларға қанша өтемақы төленеді

Бұдан бөлек, 2022 жылдың 24 қаңтарынан бастап Алматы қаласында тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен жеке тұлғаларға өтемақы төлеу процесі басталды. Бұл туралы 24 қаңтарда шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында әкімнің орынбасары Ілияс Өсеров айтты.

Зардап шеккен жеке тұлғалар қатарында мемлекеттік органдардың, ауруханалар мен БАҚ-тың 603 қызметкері бар. Әкім орынбасарының мәліметінше, оның ішінде 592 құқық қорғау органдарының қызметкері, Төтенше жағдайлар департаментінің 1 қызметкері, жергілікті атқарушы органдардың 3 қызметкері, «Алматы» телеарнасының 1 қызметкері және медициналық ұйымдардың 6 қызметкеріне өтемақы төлеу көзделген.

Ілияс Өсеровтың дерегінше, ауыр дәрежеде зақым келген жағдайда - 2 млн теңге, орташа дәрежеде - 1 млн теңге, жеңіл түрде – 500 мың теңге беріледі.

Сонымен қатар, ол ТЖ кезінде жұмылдырылған полиция департаментінің 3878 қызметкеріне, Төтенше жағдайлар департаментінің 1207 қызметкеріне, Қоғамдық денсаулық басқармасының 3888 қызметкеріне, құтқару қызметінің 93 қызметкеріне 100 мың теңге қаржылай көмек төленетінін де атап өтті.

«Бүгін тиісті құжаттар қаржы мекемесіне жіберіліп, түстен кейін алғашқы төлемдер жасалады», - деп толықтырды Алматы әкімінің орынбасары.

Оның сөзінше, полиция департаментіне тиісті тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін зардап шеккен автокөліктерге төлемдерді қамтамасыз ету үшін шамамен 200 млн теңге мөлшерінде бастапқы сома жіберіледі. Қажет болған жағдайда бұл сома көбейтілмек.

Зардап шеккендердің несиесі үш айға кейінге шегерілді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьевтің мәліметінше, елде болған тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен заңды және жеке тқлғалардың несиесі үш айға кейінге шегерілмек.

«Зардап шеккен барлық заңды және жеке тұлғаның несиесі төтенше жағдай енгізілген күннен бастап үш айға шегеріледі. Қарыздар мен микрокредиттер бойынша кейінге шегеру кезеңінде барлық банк пен микроқаржы ұйымы айыппұлдың, өсімпұлдың сомасын есептемейді», - деді Терентьев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде.

Бұдан бөлек, департамент директоры қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың несиесі кешірілетінін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес,тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің несиелері есептен шығарылады. Агенттік дәл осындай жұмысты тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан азаматтардың да тізімі бойынша жүргізетін болады.

Назерке Сүйіндік


Калит сўзлар: Жаңа Қазақстан, Қоғам, Алматы трагедиясы,
Юқорига