Об-ҳаво
Нур-Султон +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Елдос Оразалин: Полицияның сервистік моделі халық қолайлылығы үшін жасалуда

28 Январь 2022 18:30

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Елдос Оразалин полицияның сервистік моделге көшу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елдос Оразалинның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың полицияның сервистік моделіне көшу жайлы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда.

«Сервистік модель дегеніміз – ең әуелі полиция қызметкерлеріне жүгінудің ыңғайлы болуы. Яғни, уческелік пункттердің, мобильді посттардың қолайлы жерлерде орналасуы, техникалық тұрғыда сақадай сай жабдықталуы. Осының арқасында тәртіп сақшыларының әрекет етуі де жылдам болады», - деді ол.

Бүгінде аудандағы Камышенка ауылында учаскелік полиция пункті пайдалануға берілді. Бұған сондағы шаруа қожалығының демеушілігі мен жергілікті әкімдіктің қолдауы себеп болған. Онда ауыл бойынша орнатылған 19 бейнебақылау камерасы арқылы бақылау жасауға мүмкіндік бар.

«Восточный шағын ауданында модульдік бекет ашылды. Ол жерде полицейлер күн сайын кезекшілік атқарып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Аудан әкімдігі сақшыларды 10 планшетпен және принтерлермен қамтамасыз етті. Сондай-ақ ауылдық округтердегі барлық учаскелік полиция пункттерге жаңа компьютерлер алынды», - деді Шемонаиха аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы.



Муаллиф Талғатжан Мұхаметбекұлы
Калит сўзлар: Полиция, ҚР ІІМ, Қоғам,
Юқорига