Об-ҳаво
Нур-Султон +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Бизнеске қатысты қылмыстық істердің 26%-ы негізсіз қозғалған – Ұлттық палата

18 Май 2022 19:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық палатаға кәсіпкерлерден қылмыстық істерге қатысты шағымдар түсіп жатыр. Бизнес өкілдері қадағалау және құқық қорғау органдарының жұмысында әлі де жазалауға басымдық жасалатынына наразы. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экономикалық қылмыстар бойынша істердің 40%-ға жуығы тоқтатылады, ал тағы 26%-ы негізсіз қозғалған.

«Осындай істерді тергеу жұмыстары әдетте айларға, жылдарға созылатынын атап өткен жөн. Қылмыс құрамының немесе оқиғаның белгілері болмаған кезде де тергеу шаралары жүргізіледі. Осы уақыт аралығында кәсіпкерлер үлкен шығынға батады, бизнесі тоқтайды. Ал, «Атамекен» ҰКП мамандары заңнамалық шектеу салдарынан қылмыстық істерге қол жеткізе алмайды. Сол себепті, дербес сараптама жүргізуге мүмкіндігіміз жоқ», – дейді Ербол Өстеміров.

«Атамекен» ҰКП деректері бойынша, 2021 жылы экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша 1 707 қылмыстық іс тіркеліп, тергелген.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қолданысқа енгізілген сәттен бастап, яғни бір жыл ішінде соттарға 20 031 талап арыз түсіпті. Соның 6 996-сы бизнес тарапынан. Қаралған 2 933 істің ішінде бизнес пайдасына 1 458 шешім шығарылды. Осы оң динамикаға қарамастан, кәсіпкерлерге қатысты соттардың заңсыз шешімдері шығарылып жатыр.

«Соттардың санкциялары салдарынан ешкім құқық қорғау органдарының қателерін жедел түрде анықтап, тоқтата алмайды. Қанша кәсіпкер жазаланғанын, қанша адамға қамауға алу, тергеу, құжаттарды сұрату, шоттарды бұғаттау сияқты әрекеттер жасалып жатыр? Мұны да ешкім нақты айта алмайды. Себебі, Қазақстанда қылмыстық процеске тартылған кәсіпкерлердің статистикалық есебі жүргізілмейді», – деп толықтырды Ербол Өстеміров.

Қаңтар оқиғасы мен ағымдағы экономикалық жағдай жұмыстың жаңа әдістерін табуды талап етеді. «Атамекен» ҰКП мамандары құқық қолдану және сот практикасын тұрақты сараптауға, бизнеске қысымды заңнамалық деңгейде төмендету бойынша шаралар әзірлеуге баса назар аударуды жоспарлап отыр. Сараптама және заңдылықтың жай-күйін тексеру нәтижелері тоқсан сайын өңірлік прокурорлардың ҰКП мамандары және кәсіпкерлермен кездесулерінде, жартыжылда бір рет Бас прокурор алаңында талқыланады.

Айта кетсек, бүгін Мемлекет басшысына Алматыда қаңтар оқиғасынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің шығынын өтеу жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды.


Калит сўзлар: құқық, Заң, Атамекен, Кәсіпкерлік, бизнес,
Юқорига