Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Биыл 2 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркелді

8 Декабрь 2021 16:39

НҰР-СҰЛТАН ҚазАқпарат - Осы жылдың 11 айында ішкі істер органдары 2273 есірткі қылмысын анықтап, есірткіні өткізудің 1336 фактісінің жолын кесті. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство мәліметінше, айналымнан 13 тонна есірткі, оның ішінде 5,2 кг героин, 114 кг-нан астам синтетикалық есірткі тәркіленді. 9 ұйымдасқан қылмыстық есірткі тобының қызметі тоқтатылды. Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қатысты 17 қылмыстық іс қозғалды, оның шеңберінде 8 ұйымдастырушы және 45 қатысушы қылмыстық жауаптылыққа тартылады. 15 есірткі зертханасы жойылды.

«Соңғы екі жылда бұл саладағы ұлттық заңнама айтарлықтай пысықталды, есірткінің жаңа түрлеріне бақылау орнату тәртібі жеңілдетілді. Бұрын есірткінің әр жаңа түрін енгізу жеке заң қабылдауды талап етті. Қазір Әділет, Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрлігінің есірткі затының қауіптілігі туралы қорытындысы жеткілікті. Ол 1-2 ай ішінде Үкіметтің қаулысымен мемлекеттің бақылауына енгізіледі. Соның нәтижесінде соңғы екі жыл ішінде есірткінің 115 жаңа түріне қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізілді», - деп атап өтеді министрліктен.

Министрліктің атап өтуінше, 2020 жылдан бастап есірткі қылмыстары үшін қылмыстық заңнамаға «электрондық байланыс жүйелерін қолдана отырып» жасалатын есірткі қылмысы деген жаңа түсінік енгізілді. Бұл құрам есірткіні сату, оларды өндіруге арналған заттардың айналымын анықтау, есірткіні тұтынуға тарту фактілерінің жолын кесу үшін қарастырылған. Бас бостандығынан айырудың ұзақ мерзімдері белгілене отырып, қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылды.

Осы жылдың басынан бері интернет арқылы есірткі өткізудің 97 фактісінің жолы кесілді.

Ең ауыр жаза қылмыстық топ жасаған қылмыс, білім беру ұйымдарында жасалған қылмыс немесе кәмелетке толмаған адамға есірткіні сатқаны үшін көзделген. Заң бойынша мұндай қылмыстарға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.


Юқорига