Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Бақытжан Сағынтаев: Наурызбай ауданында ауызсу мәселесі екі жылда шешіледі

8 Декабрь 2021 15:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау мен Наурызбай аудандарындағы жарық пен ауызсу мәселесі қашан шешімін табатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен аптасына бір рет «Аlmaty-live» арқылы халықпен тікелей байланысқа шығып тұрамын. Сол кезде қойылатын сұрақтың 50 пайызы Алатау мен Наурызбай аудандарынан келіп түседі. Бұлар Алматы облысынан қала құрамына кейін қосылған аудандар. Бәрі инфрақұрылымнан бейхабар қалған. Не жолы, не жолы, кәрізі, жарығы кешеуілдеп, қалып кеткен. Енді Алматы қаласына қосылғаннан кейін «Біз де қаланың орталығындағы тұрғындар пайдаланып отырған қызметтерді пайдалануға қақылымыз, әкімшілік соны бізге жасап берсін» дейді. Дұрыс талап. Ол үшін біз не істеп жатырмыз? Біріншіден, Жаңа Алматының кешенді даму жоспары бар», - деді қала әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сондай-ақ, ол жаз шықса, суды «водовозбен» таситын елді мекендердің мәселесіне тоқталды.

«Мысалы Наурызбай ауданында су жетпейді. Жаздың кейбір күндері «водовозбен» су әкеледі. Қараңыз, ХХІ ғасыр, «водовозбен» су тасимыз. Неге? Судың көлемі жетпейді. Өйткені тау жақтан әкелетін су қондырғысының қуаты төмен. Халық саны өсіп жатыр. Су келетін құбырдың өзі кішкене. Ал жазда жер үйде тұрған соң, әрқайсының ауласында бақша бар. Оны күтуге де су керек. Жазда су деңгейі осы себепті түседі», - деді әкім.

Оның айтуынша, аталмыш ауданның халқы тау өзендерінің суын тұтынып отырғандықтан, жаңбыр жауған сайын су сапасы нашарлайтынын айтады.

«Екіншіден, жаңбыр жауса, Қарғалы өзенінің суы лайланады. Яғни, сүзгі жоқ. Сол себепті біз Наурызбай ауданында екі жұмысты қатар бастадық. Келесі жылы Ақжардағы проблеманы шешеміз. Енді жоғары жақтан су әкелу мәселесі бар. Қазіргі сүзгінің күші жетпегендіктен, Ақсай шатқалында салынып жатқан плотинадан, 3,5 шақырым жерден үлкен диаметрлі құбырмен су тартып жатырмыз. Келешекте ол маңда үлкен сүзгі мен су жинайтын кешен салуымыз керек. Жобасын Үкімет қолдап, келесі жылдың бюджетіне қосты. Келесі жылы үлкен құрылыс басталады.

Екі жылдың ішінде тек Наурызбай ауданын ғана емес, Алматы облысының Қаскелең ауданындағы қосымша бес елді мекенге су беретін мүмкіндік аламыз. Сондай-ақ, Қарғалының Құрамыс жағындағы арнадан су алатын сол төңіректегі 50 мыңнан астам массив көктемде су алатын болады», - деді шаһар басшысы.

Бақытжан Сағынтаев бұл аудандарда жарық жиі өшпес үшін бүкіл трансформаторларды мемлекет меншігіне қайтару басталғанын атады.

«Жарықтың жиі өшетіні туралы айтсақ, кезінде бұл ауылды елді мекендер болған. Алматы облысына қараған кезде электрмен жабдықтау ісі түгел жеке қолдарға өтіп кеткен. Олар өз тарифтерін қояды, бірақ жөндеу жұмыстарын жүргізбейді. 2019 жылы қаланың құрамына өткенде халық ол проблемасын айтты. Қазір соның бәрін мемлекетке қайтарып жатырмыз. Бүгінгі таңда су, жарық, кәріз желісі бойынша 1000-ға жуық нысанды мемлекетке қайтарып, кейін монополист компанияларға өткізіп жатырмыз. Ол да оңай шаруа емес. Бір ғана нысанды мемлекет меншігіне сот арқылы қайтару үшін 6 ай кетеді. Болашақта иесіз нысанның бәрін қабылдап аламыз», - деді Алматы әкімі.


Муаллиф Есімжан Нақтыбай
Калит сўзлар: Аймақ, Алматы, Әкім, Су, ауыз су, Тұрғын үй, Қоғам, Құрылыс,
Юқорига