Об-ҳаво
Нур-Султон +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ауыл мектептерінің түлектері үшін ЖОО-ға квота 35% дейін ұлғайтылады - БҒМ

18 Май 2022 17:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, зерттеулердің көбі дарынды оқушыларды ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы балаларды да қолдаудың маңыздылығын көрсетеді. Ведомство басшысы бұл жерде меритократия мен инклюзивтіліктің тепе-теңдігін сақтау маңызды екеніне назар аударады. Министр әлеуметтік желідегі парақшасында мектептерде, колледждер мен университеттерде осы теңестіруге қатысты енгізіліп жатқан өзгерістер туралы жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, осы жылы ауыл мектептері түлектерінің жоғары білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында олардың квотасы 35 пайызға дейін ұлғайтылады.

Ал, әлеуметтік осал отбасы балалары үшін мамандандырылған мектептерге түсуге жаңа 15%-дық квота енгізу туралы шешім қабылданған.

«Енді осындай отбасылардан шыққан 2 мыңнан астам бала жаңа квота бойынша БИЛ, Дарын және басқа мектептерге оқуға түсе алады», - деп жазады министр.

Ведомство басшысы 15%-дың көп еместігін алға тартып, сол себепті мамандандырылған оқу орындары басшыларына мектептердің нәтижелеріне әсер етеді деп алаңдауға негіз жоқтығын айтады. Министр жоғары академиялық жетістіктері бар балалармен қарым-қатынас бұл оқушыларға оң әсер ететініне және олардың тез бейімделіп, білімдерін шыңдауына септігін тигізетініне сенім білдіреді.

«Біз «Сандық (цифрлы) репетитор» жобасын енгізіп жатырмыз. Жаңашылдықтың мақсаты - әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға (500 мыңға жуық оқушы) апта сайын тегін математика, тіл немесе жаратылыстану пәндерінен кемінде 3 қосымша сабақ алу мүмкіндігін беру», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Министрлік «Қазақстан халқы» қорынан осы жобаны қаржыландыруға қолдау көрсетуді сұраған.

Ал, колледждер бойынша биыл республикалық бюджеттен қосымша 45 мың грант бөлінді. Олар біліммен қамтуды арттыру мақсатында әкімдіктер мен жергілікті колледждерге беріледі. Асхат Аймағамбетов әкімдіктердің қаржыландыруы жеткіліксіз болғандықтан, көбі колледжде оқуға тегін грант ала алмағаны жасырын еместігін жеткізеді.

Университеттерге келсек, былтыр гранттарды бөлу кезінде алғаш рет әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға университетте оқуға квота енгізілген. Министрдің айтуынша, осының арқасында енді мемлекет есебінен білім алу мүмкіндігі айтарлықтай артты.

«Осы студенттердің бірінші оқу жылының нәтижесін және осындай шешімнің тиімділігін көріп, енді болашақта бұл квотаны одан әрі ұлғайтып, жалпы грант санының 15%-ына жеткізуді жөн көрдік. Демек, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан тағы 5 мың бала мемлекеттік бюджетке оқуға мүмкіндік алады», - деп жазады министр.

Еске салсақ, биыл ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде ерекше қажеттілігі бар мектеп түлектеріне қосымша 40 минут уақыт беріледі.


Юқорига