Об-ҳаво
Нур-Султон +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ақмола облыстық кітапханасы 75 жылдығын атап өтуде

8 Декабрь 2021 21:00

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының құрылғанына 75 жыл толады. Осы оқиғаға орай «Тәуелсіз елдің заманауи кітапханасы» атты облыстық форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Шарада сөз сөйлеген облыстық Мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова мекеменің облыс кітапханаларын жаңғыртуға қосқан зор үлесін атап өтті.

«Тарихы 1919 жылы басталған облыстық кітапхана оқырмандар үшін көптеген жылдар бойы кітапханалық, библиографиялық, ақпараттық қызмет көрсетіп қана қоймай, өскелең ұрпақты тәрбиелейтін білім ордасына айналды. Мекеме кітапханаларды ақпараттандыру саласындағы өңірлік саясатты қалыптастыруға, өңірлік бағдарламаларды әзірлеуге қатысады. Мекеме қызметкерлері басқа кітапханалардағы әріптестерімен тәжірибе алмасады», - деді Айгүл Сәбитова.

Мағжан Жұмабаев атындағы кітапхана қоры 360 мың құжаттан асатын облыстағы ең ірі ақпараттық-мәдени орталық болып табылады. Кітапхана оқырмандарының саны 31 мыңнан асады. Кітапхананың веб-сайтына 300 мыңнан астам дана түрлі баспа басылымдары, электрондық ресурстар, аудиовизуалды құжаттар беріледі.

Форум барысында кітапхана ісінің ардагерлері, облыстық және аудандық кітапханалардың мамандары «Кітапхана ардагері», «Кітапхана үздігі» төсбелгілерімен, Ақмола облысы әкімінің, мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының алғыс хаттары және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен бірге, «Үздік оқитын отбасы-2021» байқауының жүлдегерлеріне де сый-құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, облыстық әмбебап ғылыми кітапхана бірнеше рет «Рухани қазына» мәдениет және өнер мекемелері мен қызметкерлерінің республикалық байқауының жеңімпазы атанды. 2020 жылы кітапхана «Мемлекеттік кітапханалардың үздік сайты» номинациясында жеңімпаз болып танылса, 2021 жылы «Үздік инклюзивті жоба - 2021» номинациясында және «Мәдениет жанашыры»жеке номинациясында жеңімпаз атанды.


Муаллиф Аслан Оспанов
Калит сўзлар: Қоғам, Мәдениет, Ақмола облысы, Аймақ,
Юқорига