Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алматыда мектептегі орын тапшылығын жою үшін не істеліп жатыр

19 Сентябрь 2021 15:51

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының Бостандық ауданындағы мектеп 425 орынға кеңейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала күнінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев биылғы оқу жылында есігін ашқан №199 мектеп-гимназияның жаңа корпусында болды.

Бостандық ауданындағы №199 гимназияның 425 орындық жаңа корпусы мектептегі оқушы орнының тапшылығын толығымен жабатын болды.

«Көп жұмыс жасалды, қазір біздің гимназияның кеңейгеніне өте қуаныштымын. Бүгінде ауданымыз өсуде, көптеген жаңа үйлер салынуда, оқушы орындары жетіспейтіндіктен, мектептер салу қажет», - деді қала әкіміне білім беру ардагері Әсем Сүлейменқызы Беспаева.




Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған, ал 2021 жылдың қыркүйегінде мектеп жүздеген оқушыларға есігін ашты.

№199 көркемдік-эстетикалық және итальян тіліне мамандандырылған гимназия мектебінің директоры Сандуғаш Нышанова бұл білім мекемесі 2017 жылы №2 балалар үйінің ғимаратының базасында ұйымдастырылғанын атап өтті.

1962 жылы салынған ескі ғимарат барлық қажеттілікті қанағаттандырмады және көп балаға есептелмеген.

Сондықтан, әкімдік жаңа білім ғимаратын салу арқылы оны жаңғыртуға шешім қабылданды.

«Жаңа мектеп ғимараты үш қабатты. Онда 240 орындық асхана, акт залы, үлкен спорт залы, заманауи кітапхана және мұғалімдер бөлмесі бар. Бұл ғимарат заманауи мектептің барлық стандарттары мен нормаларына сәйкес келеді. Сыныптар компьютермен жабдықталған, көркем сабақтар өткізудің барлық арнайы құрылғыларымен жабдықталған», - деді гимназия мектебінің директоры.

Оның айтуынша, жаңа корпусты салып бергеннен бөлек, қоршау ауыстырылды, аумақ абаттандырылып, ағаш отырғызылды.

Мектепті, кітапхананы безендірудің дизайнын мектеп ұжымы өздері жасаған.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2021-2022 оқу жылында жалпы контингенті 300 мыңнан асатын 289 мектеп бар, оның 207-сі - мемлекеттік және 82-сі - жекеменшік мектеп.

Оқушы орындарының тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін білім беру объектілерінің құрылысы жүргізілуде.

Жалпы қаладағы мектеп оқушыларына жайлы оқу үдерісін қамтамасыз ету мақсатында биыл 12 600 орындық 8 мектеп салынуда: 5100 орындық 3 мектеп желтоқсанда беріледі, қалған 5 мектеп 2022 жылы екінші тоқсанда пайдалануға беріледі.

Жалпы, жыл соңына дейін жалпы саны 16 мың оқушы орны бар 31 білім нысаны іске қосылады.


Юқорига