Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Әлем жауынгері»: Ел әскерінде үздік бітімгер анықталады

12 Октябрь 2021 22:59

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қарулы Күштердің бітімгерлік бөлімшелерінде үздік әскери қызметшіні анықтайтын конкурс басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҚМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бітімгершілік қызмет – Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бөлігі. Мемлекеттің осы ауқымдағы күш-жігері қарулы қақтығыстардың алдын алуға, оларды тежеуге, тоқтатуға, гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған.

Қарулы Күштерде 2019 жылдан бастап жыл сайын «Әлем жауынгері» сайысы өткізіледі. Оған барлық Қарулы Күштер түрлерінің және әскер тектерінің әскери қызметшілері қастысады. Сайыстың негізгі мақсаты – мамандардың кәсіби және бітімгершілік даярлығының деңгейін арттыру, әскери қызметшілердің кәсіби тұрғыда өсуіне ықпал ету болып табылады.

- Бұл конкурс бітімгерлік миссияға тың мәртебе беруге бағытталған. Бүгінде осы бағыт бүкіл әлемде өзекті болып табылады. Гуманитарлық және бітімгерлік көмек қатар жүреді. Біз бұл бағытты да дамытуымыз керек, - деді бітімгершілік даярлық басқармасының аға офицері подполковник Ілияс Мұстафин.




Сайыс теориялық және практикалық кезеңдерден тұрады. Қатысушылар бітімгершілік операцияларының құқықтық аспектілерін және бітімгершілік кодексін, БҰҰ жарғысының негіздері мен ережелерін, күш қолдану қағидаларын және бітімгершілік кодексін білуге арналған тестілеуді тапсырады.

Тапсырмаларды іс жүзінде орындау кезінде әскери қызметшілер терең білімді ғана емес, сонымен қатар зеректілік пен ептілікті де меңгеруі тиіс. Топтарға бөлінген қатысушылар әскерлердің қозғалысын, күзет пен тосқауыл бекеттердегі қызмет жүргізуді ұйымдастырудағы біліктілігін көрсетуі керек. Оның ішінде азаматтық персонал мен автомобиль техникаларын тінту жұмыстарын жүргізу тәртібін көрсетеді. Әрбір жағдайға шапшаң әрі лайықты шешім қабылдауды талап ететін қосымша тапсырмалар да ұсынылады.

Әр дұрыс орындалған тапсырма үшін бітімгерлерге жеке-жеке ұпайлар беріліп, оның нәтижелері бойынша жеңімпаз анықталатын болады.

Аталған «Әлем жауынгері» сайысы ағымдағы жылдың 25-ші қазанына дейін жалғасады.





Калит сўзлар: ҚР Қорғаныс министрлігі, Әскер,
Юқорига