Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Алапат өртпен арпалысқан құтқарушы: Киіміміз жанып, каскамыз балқыса да дамыл таппадық

13 Май 2021 18:43

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Кешелі бері әлеуметтік желілерде қызыл жалынмен 2 күн бойы дамылсыз күрескен өрт сөндірушілердің әбден қалжырып, ұйқыға бас қойған видеосы тарап жатыр. Жұрттың жүрегін елжіреткен осы видеодағылардың бірі – №14 өрт сөндіру бөлімшесі бастығының орынбасары Ұлан Нұрмұхамбет. ҚазАқпарат тілшісі азаматтық қорғаныс аға лейтенантымен сұхбаттасып, талайды тығырыққа тіреген тілсіз жаумен қалай күрескендерін сұрап көрді.

- Құтқарушылардың қатарын толықтырғаныңызға қанша жылдың жүзі болды?

- 1990 жылы 10 ақпан күні Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Топқайың ауылында жарық дүние есігін аштым. 2012 жылы Отан алдындағы борышымды елордадағы 36-шы десанттық-шабуыл бригадасында өтедім. Әскерден келгеннен кейін Риддер қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналастым. Бұл 2013 жылдың қаңтар айы болатын. 4 жарым жылдай өрт сөндіруші болып тер төккеннен кейін Ақтөбе қаласында 3 айлық офицерлік курсқа барып білім алдық. Осыдан кейін қарауыл бастығы болып, кейіннен бөлім бастығының орынбасары қызметіне тағайындалдым. Қазіргі уақытта №14 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары болып еңбек етіп келеміз.




- Орманда шығып, жер үйлерге тараған алапат өртпен қалай күрескендеріңізді айтып берсеңіз.

- Өрт 10 мамыр күні түс кезінде Риддер орман шаруашылығында шықты. Негізінен бұл №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне қарасты аумақ. Сол бөлімнің құтқарушылары тілсіз жаудың бетін қайтара алмағандықтан бізден көмек сұрады. Сағат 14.30 шамасы. Бөлімдегі жігіттер көлікке мініп, шұғыл аттанды. 15.00-ге қарай өзім де оқиға орнына жеттім. Ол кезде жалын жер үйлерге тарап кеткен. Сосновый бор көшесіндегі отқа оранған 4 үйді көрдім. Жел соғып тұр. Айналаны түгел түтін тұмшалап алған. Есіктерді қағып халыққа «Сыртқа шығыңдар! Өрт келе жатыр!» деп айқайладық. Жігіттерге «жалынды көшенің сол жағына шығармаңдар» деп тапсырма бердім. Өртті ұстап тұру қиынға соқса да бұл міндет сәтті орындалды.




Кенет тұрғындардың бірі «Үйден шықпаймын! Гаражда жүк көлігім тұр. Онсыз ешқайда да бармаймын» деді. Ал түсіндіріп көр! Қанша айтсақ та тыңдар емес. Содан соң көлікті қауіпсіз жерге алып шықтық. Өртпен күрес бір сәтке де тоқтамады. Үйлерден 10-ға жуық газ баллонын сыртқа шығарып үлгердік. Құтқарушылардың киімдері жанып, каскалары балқып, бір біріне су шашты. Біраздан соң Өскемен қаласынан қосымша күш келіп жетті. «Казцинк», «Водоканал» мекемелерінің су тасушы көліктері де жұмылдырылды.

- Осындай сын сағатта ең әуелі не ойладыңыз?

- Шынымды айтсам, ойлануға уақыт болмады. Тек әрекет. Тілсіз жаумен текетіресте әр секундтың маңызы зор. Өрттің өршуі – қас-қағымда. Әкем орман шаруашылығында орманшы болып жұмыс істейді. Кейіннен жалынның беті қайта бастаған кезде ең әуелі «әкем аман-есен бе екен, бірдеңе болып қалмаса игі еді» деген ой санамда сарнап қоя берді.




- Күндіз-түні өртпен күрескенде мүлде нәр татпадыңыздар ма?

- Үйлер отқа оранып жатқанда ас ішіп отырмайсың ғой. Арасында тамағымызды жібіту үшін су ұрттап қоямыз. Түн жарымында да еш тоқтаусыз өртті өшірумен болдық. Тек келесі күні түске қарай жалынды жеңіп болған соң жергілікті атқарушы орган қызметкерлері мен волонтерлер әкелген тамақтан дәм таттық. Әбден қалжырап, қол-аяғымыз сыздап тұр. Бір жағынан ұйқы да қысып барады. Сөйтіп, 20 минуттай мызғып алдық. Міне, осы кезде бізді видеоға түсіріп алып, желіге жүктеп жіберіпті. Оны артынан естідік. Кім түсіргенін білмеймін. Ел-жұрттың ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырып жатқанын көргенде кеудемізді қуаныш кернеп, бұл салаға бекер келмегенімізді түсінгендейміз.

- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

- Әйелім, екі балам бар. Құдай қосқан қосағым Айдана Риддердегі №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде фельдшер болып жұмыс істейді. Ұлым Ислам 4 жаста, ал қызым Асылым 2-ге толды.




- Ұлыңыз өскенде өрт сөндіруші болғысы келетіндігін айтса қолдар ма едіңіз?

- Әрине, қолдаймын. Адам өмірін алғаш құтқарған кезде ерекше сезімде болады екенсің. Бұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы өмірге босқа келмегеніңді сезіп, өз орныңды тапқаныңды түйсінесің. Баламның маңдайына да сол бір екінің біріне бұйыртпайтын ерекше әсерге бөленуді жазса қалай қарсы болайын? Оған әркез ақылымды айтып, қолдау көрсетуге әзірмін.

- Әңгімеңізге көп рахмет!








Юқорига