Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ақмола облысында түрлі аурумен күресуге тың әдістер қолданылмақ

26 Сентябрь 2021 17:23

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда әлеуметтік маңызы бар аурулармен күрес мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов өңірдегі туберкулез дерті таралуы және онымен күресу жолдары туралы айтып берді.

«Аталмыш дертпен күресуде емдеудің амбулаториялық кезеңінде туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмек көрсетуде жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржыландыру жеткіліксіз болып отыр. Мұны шешу үшін туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмек көрсету бойынша тетіктерді әзірлеу маңызды. Сонымен бірге, халықты есепке алу және тіркеу, көші-қон деңгейі, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар санының көбеюі кедергі келтіріп отыр. Бұл туберкулезбен ауыратын науқастарды уақтылы және толық емдеуде үлкен рөл атқарады», - деді Н. Сыздықов.

Тағы бір мәселе - дәрігерлердің фтизиатрлармен жабдықталуының төмендігі.

«Бұл бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне қатысты. Мәселен, Аршалы ауданында мұндай дәрігерлер қазір бала тууға байланысты демалыста, кейбір аудандарда қосымша жұмыс істейтіндер бар, ал кейбіреулерінде олар мүлдем жоқ. Фтизиатрлардың көпшілігі зейнеткерлік жасқа жақын немесе зейнетке шыққан адамдар. Тиісінше, ертең бізде кадр тапшылығы, туберкулез мәселесі бойынша мамандар жеткіліксіз болуы мүмкін», - деп нақтылады Н. Сыздықов.

Ұлттық туберкулез бағдарламасы жанындағы «туберкулез» компоненті бойынша Жаһандық қорды іске асыру тобының өкілі Шахимұрат Ысмайылов үкіметтік емес ұйымдарды туберкулезбен, АИТВ және COVID – 19-мен күреске тарту туралы бастама көтерді.

«Мен жұртшылық, халықтың қалың жігі және Ақмола облысының басшылығы үкіметтік емес ұйымдарды әлеуметтік маңызы бар аурулармен, атап айтқанда туберкулезбен, АИТВ-мен, COVID-19-мен күреске қосудың осы жобасын қолдауға дайын екенін көріп отырмын. Себебі ресми медициналық қызметтер бұған қол жеткізе алмайтын тұстары бар. Мысалы, халықтың осал топтарында – алкоголизмге шалдыққандар, мигранттар, үйсіз адамдар», - деп атап өтті Шахимұрат Ысмайылов.

Оның айтуынша, келесі жылы лот пен техникалық тапсырманы қалыптастыру үшін қажетті құжаттарды дайындау жоспарланған. Ал келешекте осындай жобаларды еліміздің басқа да өңірлерінде құру қажет.

«Біз үкіметтік емес ұйымдарға халықтың осал топтарымен жұмыс істеу үшін туберкулезбен күрестің толыққанды лотын жариялағымыз келеді. Бұл тұрақты, жылдық процесс болуы үшін. Жалпы, біздің міндетіміз – туберкулезді эпидемия ретінде, содан соң ауру ретінде жою», - деп түйіндеді Шахимұрат Ысмайылов.


Муаллиф Аслан Оспанов
Калит сўзлар: Медицина, Ақмола облысы,
Юқорига