Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

27 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

27 Сентябрь 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 27 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық туризм күні

1980 жылы Манилада өткен Бүкіләлемдік туристік ұйымдар Бас Ассамблеясының шешімімен жыл сайын атап өтіледі.

Google-дің туған күні

Google.com домендік есімі 1997 жылғы 15 қыркүйекте тіркелді, ал Google Inc. компаниясы 1998 жылғы 4 қыркүйекте тіркелді. Алайда, 2005 жылдан бастап компанияның туған күні ресми түрде 27 қыркүйекте атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1929 жылы астық дайындау науқаны кезінде Сырдария округінің Бостандық ауданының (қазір Өзбекстанға қарайды) тұрғындары совет үкіметінің үстемелете салған салығы мен зомбылық әрекеттеріне қарсы шықты. Көтерілісті ұйымдастырушылар Т. Мұсабаев, У. Майлыбаев болды, оған 500-ге тарта адам қатысты. Берішмолла қыстауының қасындағы ұрыста оларға И. Шаныбековтің басмашылар жасағы көмекке келді. Көтерілісті Мемлекеттік саяси басқарманың жасақтары күшпен басты. Көтерілісшілерден 50 адам қазаға ұшырады, 2 адам ату жазасына кесілді, 36-сы – 10 жылға сотталды, жетеуі – 5 жылға жер аударылды.

1931 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданының «Баянтау» газетінің алғашқы саны шықты. Оған белгілі этнограф, фльклоршы және әдебиетші Мәшһүр Жүсіп Көпеев ақ тілегін білдірді. Оның алғашқы редакторы Ғалым Малдыбаев болды, осы газетте халық жазушысы Дихан Әбілов шығармашылық жолын бастады.

2006 жылы Германияның Баден-Вюртемберг жерінде, Вальдбрунн-Мюльбен қаласында Қазақстан Елшілігі жергілікті қымыз өндіруші фермамен бірлесіп, Германиядағы қазақ диаспорасы мен Қазақстаннан көшіп барған отандастарымыздың белсенді атсалысуымен «Қымызмұрындық» өткізді.

Шара аясында мерекелік қойылымдар ұйымдастырылып, қымыз мерекесіне арнайы келген қонақтардың алдында Кельн және Бавария аймақтарындағы қазақ диаспорасының көркемөнерпаз әртістері өнер көрсетті.

Мереке қонақтары қазақтың киіз үйімен, домбыра аспабымен, ұлттық дастарқан мәзірімен және Германиядағы қымыз өндірісінің басталу тарихымен, қымыздың емдік қасиеттерімен танысты.

2007 жылы Алматыда «Абай жолы» романының орыс тіліндегі жаңа аудармасының таныстырылымы болып өтті. Қазақстанда туған және қазақ әдебиетімен жете таныс, сондай-ақ Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкей мен Төлен Әбдіктің шығармаларын сәтті аударып, мол тәжірибе жинақтаған есімі әлемге әйгілі жазушы Анатолий Ким бұл аудармаға үлкен дайындықпен келді.

2007 жылы Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында Қазақстан Республикасы «СемАЗ» ЖШС өндірістік алаңдарында Daewoo автобустарын өндіру зауытының ашылу салтанаты өтті. Бұл өндіріс Қазақстанда импортталатын машина жиынтықтарынан тораптар мен агрегаттарды құрастыруды ғана емес, сондай-ақ шанақтарды құрастыру-дәнекерлеуді және сырлауды қамтитын толық циклді бірінші автоқұрастыру кәсіпорны болды.

2010 жылы Қазақстанда «Balapan» телеарнасы – еліміздегі алғашқы және жалғыз балалар телеарнасы өз жұмысын бастады. Сол кезден бастап ол оқу-танымдық, спорттық, ойын-сауық, анимациялық және зияткерлік бағдарламаларды жарыққа шығарып, әр бала үшін адал дос, рухани жетекші болды. Оны тек бағдарламаларды трансляциялау ғана емес, өскелең ұрпақты тәрбиелеу құралы деп те атауға болады.

2013 жылы Өскемен қаласында ашылған «Мәдениеттер достастығы» көрмесінде 1897 жылы императрица II Екатерина жарлығымен өткен Ресей империясының соңғы халық санағы кезінде жасалған Жетісу облысының Лепсі уезі тұрғындарының қазақ тұрмысының бірегей көне фотосуреттері алғаш рет ұсынылды. Фотосуреттердің авторы – Константин де Лазари. Осы 36 суретті мұражайға Қазақстан Республикасындағы Польша елшісі Яцек Ключковски табыстады.

2014 жылы Еуразия ұлттық университетінде. Қазақстанның білім беру тарихы мұражайы ашылды. Мұражайда көрнекті ағартушыларға тиесілі ерекше құжаттар мен заттар, сонымен қатар фотосуреттер, латын тіліндегі басылымдар және араб тіліндегі қолжазба кітаптар жинақталған.

Барлық экспонаттар музейге өтеусіз негізде сыйға тартылды. Олар орта ғасырлардан бүгінгі күнге дейін Қазақстан жерінде ағартушылықтың қалыптасуы туралы баяндайды.

2017 жылы ҚР Ұлттық кітапханасында фотосуретші, Қазақстанда ХХ ғасырда болған тарихи оқиғалардың куәгері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Иосиф Будневич туындыларының көрмесі ашылды.

2018 жылы Түркістан облысында Түлкібас ауданының 90 жылдығын тойлау аясында Мұхамеджан Тынышбаев пен Тұрар Рысқұловқа қойылған жаңа ескерткіш ашылды.

2019 жылы қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешова Еуразиялық сыйлықтың лауреаты атанып, «Вокал» номинациясы бойынша марапатқа ие болды.

13 жасар әнші өнер, әдебиет, ғылым, спорт және әлеуметтік маңызды жетістіктер саласында Еуразиялық шығармашылық одақтың халықаралық марапатын алған алғашқы бала болды.

Еуразиялық сыйлықты 2013 жылы Қазақстан, Беларусь, Үндістан, Иран, Ресей және Тәжікстан өкілдері құрған Еуразиялық шығармашылық одақ тағайындады.


Калит сўзлар: Күнтізбе,
Юқорига