Об-ҳаво
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
Валюта курси
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

22 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

22 Июль 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 22 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік ми күні

Бұл күнді Дүниежүзілік неврологтер федерациясы бекітті. Алғаш рет 2014 жылы 22 шілдеде өткізілді.

Халықаралық бокс күні

Спорттың бұл түріне арналған мереке 2018 жылы Халықаралық бокс федерациясының (International Boxing Association, AIBA) бастамасымен бекітілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1939 жылы Атырау облыстық өлкетану мұражайы ашылды. Оның қорында өлке, табиғат, мәдениет пен өнер жәдігерлерінің 50 мыңнан астам түрі бар.

1992 жылы Қазақстан мен Украина арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

1993 жылы Қазақстан Республикасы және бұрынғы одақтас республикалардың шаруашылық субъектілерінің арасындағы есептерді реттестіру мақсатында ҚР Министрлер Кабинеті және ҚР Ұлттық банкі Қазақстандағы шаруашылық субъектілеріне шарт жасасып, сауда мәмілелерін іске асыру кезінде бұрын СССР құрамына кірген әр республикада өз қолма-қол ақшасыз рублінің және ұлттық валютасының айналымда болғанын, сондай-ақ олардың қолма-қол ақшасыз «Қазақстан рубліне» айналдырылатын бағамын ескеруді міндеттеді. «Қазақстан рублінің» бағамын Ұлттық банк ресми бағам ретінде белгілеп отырды.

2009 жылы Атырауда Жайық өзенінің үстімен өтетін жаңа екі көпірді пайдалануға беру салтанатты рәсімі өтті. Жалпы ұзындығы 800 метр болатын бір көпір «Привокзальный» шағын ауданын әуежаймен жалғастырды. Көпірдегі қозғалыс төрт жолақты, оның тәулігіне 5 мың автомобильді өткізу мүмкіндігі бар. Жолаушылар үшін ені 2,5 метрлік аяқжолдар көзделген. Екінші көпір «Жилгородок» шағын ауданында қаланың еуропалық және азиялық бөліктерін қосты. Оның жалпы ұзындығы - 693 метр. Ол да тәулігіне кеміне 5 мың автомобильді өткізуге есептелген.

2010 жылы Еңбекшіқазақ ауданының Ақши ауылында темірші Дәркембай Шоқпарұлының атындағы Қолданбалы өнер музейі ашылды. Бірегей музейдің бір бөлімінде белгілі темірші Д.Шоқпарұлының өз қолымен жасаған бұйымдары, жинаған заттары, оның өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар, газет-журнал мақалалары, видеофильм дискілері бар.

Д. Шоқпарұлы – қолданбалы өнердің танымал шебері, этнограф ғалым, ҚР Суретшілері және дизайнерлері одағының мүшесі, Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты.

2013 жылы Оралхан Бөкейдің 70 жылдығына арнап, жазушының эксклюзивті таңдамалы шығармалар жинағын шығарды. Оның шығармалары орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да шетел тілдеріне аударылды.

2014 жылы Қазақстанның 8 нысаны - Алматы облысындағы Қаялық, Қарамерген, Талғар және Жамбыл облысындағы Ақтөбе Степнинское, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек ЮНЕСКО-ның әлемдiк мұралары тізіміне енгізілді.

2014 жылы Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы қарым-қатынастың нығаюына қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы» күміс медалі табыс етілді. И. Тасмағамбетов 18 жыл бойы ЮНЕСКО Ұлттық комиссиясын басқарған, ал «Ұлы Жібек жолы» медалі соңғы 20 жыл бойы ешкімге табысталмаған.

2015 жылы Алматының 1000 жылдығы ЮНЕСКО-ның мерейтойлық даталар тізіміне енгізілді.

2017 жылы «Еуразия» ХІІІ Халықаралық кинофестивалінің ұйымдастыру комитеті «Кинематограф өнеріне қосқан үлесі үшін» сыйлығын бекітті. Осынау жоғары награда қазақ өнерінің аты аңызға айналған жұлдызы, халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға табысталды.

2017 жылы Түркияның Қара теңіз жағасындағы Самсун қаласында әлемнің 97 елінен жиналған 3105 спортшы арасындағы ХІІІ Сурдлимпиада ойындары басталды. Қазақстан атынан жарысқа қостанайлықтар – мүкіс спортшылар арасындағы 2016 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Данияр Ескендіров пен Қанат Қоңқабаев қатысып, қола медальды иеленді.

2018 жылы қазақтың танымал ақыны, әншісі әрі композиторы Естай Беркімбаевтың ұрпақтары Екібастұздағы музейге оның жеке заттарын табыстады. 1939 жылы Естай Алматыда Жазушылар одағының отырысына қатысқан кезде екі чемодан сатып алған. Соның бірін немересі Зекен апайға, екіншісін немере ағасы Қыздарбек атаға сыйлаған. Қыздарбек атаның немерелері чемоданды музейге әкелді. Естай Беркімбаев (1874-1946) - қазақтың танымал ақыны, әншісі әрі композиторы, Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі (1939), Қазақ ССР еңбек сіңірген өнер қайраткері (1939).

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі – мемлекеттік ақпараттық коммуникациялық алаң құрылды. Оның мақсаты – мемлекеттік билік органдары мен қоғамның өзара іс-қимылының тиімді тетігін құру, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара қарым-қатынасын қамтамасыз ету.


Калит сўзлар: Күнтізбе,
Юқорига