Ауа райы
Астана -28 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Зорлық-зомбылық мәселесін шешуде ҮЕҰ әлеуетін пайдалану керек – сарапшы

2020 жылдың 25 қараша 2020 21:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Зорлық-зомбылық мәселесін шешуде үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдалану қажет. Бұл туралы IX Азаматтық форумда ҚР Адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз зорлық-зомбылықтың ашық және жасырын түрлерін айтып отырмыз. Ашық зорлық-зомбылықта Ішкі істер министрлігі үшін, құқық қорғау органдары мен сот үшін бұл жұмыс тергеу, жауапқа тарту және жазалау сияқты контурларда нақты көрсетілген. Ал жасырын түрін айтсақ, әрине, құқық қорғау органдары бұл мәселені өздігінен жеңе алмайды. Мұнда азаматтық қоғамның рөлі өте маңызды, өйткені қазір бүкіл әлемде белсенді және кәсіби азаматтық қоғамның халықаралық дүниетанымға әсер ете алатынын көріп отырмыз. Бұл өте маңызды», - дейді Э. Әзімова.

Спикер 25 қазаннан бастап бүкіл әлемде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы басталғанын еске салды. Оның айтуынша, зорлық-зомбылық мәселесін шешуде зардап шеккендерге іс жүзінде көмек көрсетумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдалану қажет.

«Адамға қасақана физикалық зорлық-зомбылық жасайтындар бар. Ол кім болса да, қандай формада жәбірлесе де, оны қоғам құптамауы керек. Мұндай құндылықтарды дұрыс жеткізу керек. Бұл тұрғыда бізде көмек көрсетумен айналысатын кәсіби үкіметтік емес ұйымдар бар. Олардың әлеуетін нақты пайдалануға, іске асыруға болар еді. Бізде көптеген статистикалық зерттеулер жүргізіледі, құқықтық статистика бар. Бұл мәселемен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар ақпарат береді. Ол кейде мемлекеттік органдар айтқан статистикамен сай келмейді. «Статистика туралы» заң үкіметтік емес ұйымдардың ақпаратын дереккөздердің бірі деп көрсетеді. Сондықтан осы кезеңде азаматтық қоғамның үніне құлақ асып, осы жұмысқа тарту өте маңызды», - деді уәкіл.


Жоғары қарай