Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Жыл басынан бері жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8% артты

2020 жылдың 14 шілде 2020 21:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8% артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімет таратты.

2020 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 8% өсті. Тоқыма бұйымдарының өндірісінде - 8,4%, былғары өнімдері - 6,6% және киім өндірісінде - 2,1% өсім байқалады. Саладағы оң нәтиже мақта талшығы, дайын тоқыма бұйымдары, сыртқы киім, бас киім, шұлық бұйымдары мен аяқ киім өндірісінің ұлғаюы есебінен болған.

«Жалпы алғанда, көбіне отандық өндірушілер қорғаныс саласы мен арнайы киімдер тапсырысын орындауда. Осылайша өндіріс ошағында шығарылатын өнім сұранысқа ие болып, кепілді сатылымды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, биыл тұрғындарды маскамен қамтамасыз ету мақсатында өндіріске 70-тен астам тігін кәсіпорындары қосылды. Олар тәулігіне дәке мен бөзден 700 мың бетперде шығарады» делінген хабарламада.

Тігін кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында «Azala Textile» ЖШС дәке шығаратын 9 станокты іске қосты, шығару көлемін 8 есе арттырды. Өндірістік цикл мемлекетаралық стандартқа сәйкес жолға қойылған. Сондай-ақ, кәсіпорын тығыздығы төмен тазартылған мақта матасын шығарады.

Сонымен қатар, 2020-2022 жылдары қолданыстағы жобаларды кеңейтуді ескере отырып, 1486 жұмыс орны ашылатын, жалпы құны 27,384 млрд теңге болатын 19 жобаны іске қосу жоспарланған.

Жергілікті атқарушы органдар үшін жеңіл, жиһаз өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамту бойынша нысаналы индикаторлар белгіленген. Жеңіл және жиһаз өнеркәсібінің тауарлары 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілетін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер тізбесіне енгізілген.

Бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласында 1130 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 97% - шағын кәсіпорындар, салада жұмыс істейтіндердің саны - 17,9 мың адам.


Жоғары қарай