Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Жыл басынан бері жарты миллионнан астам қазақстандық 19 млрд теңгеге АӘК алды

2020 жылдың 21 мамыр 2020 10:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда қаңтар-сәуір айларында 113 мың отбасыдағы 586 мыңға жуық адамға жалпы сомасы 19,6 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек төленді. БҰл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

586 мың адамның 561 мыңы төтенше жағдай кезінде мемлекеттік инстанцияларға жүгінбей, II тоқсанда АӘК-ті автоматты түрде алды, 25 мың адам АӘК алу үшін алғаш рет жүгінді.

«Жәрдемақы ең алдымен құрамы, тұрғылықты мекенжайы және табыс деңгейі өзгермеген отбасыларға тағайындалды. Ол үшін ақпараттық жүйелерден алушылардың деректерін тексеру жүзеге асырылды, атап айтқанда, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі, жылжымайтын мүлкінің, көлігінің болуы, кірістері және басқасы тексерілді. Барлық ақпарат, сондай-ақ хабарламалар электрондық пошта және мессенджерлер арқылы жіберілді. АӘК көрсетудің жаңа тетіктері шеңберінде табысы аз отбасылардағы балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін, оларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізілгенін атап өтеміз» делінген хабарламада.

Кепілдік берілген әлеуметтік топтама жас санаттары бойынша 2 түрге бөлінеді: 1-ден 6 жасқа дейін және 6-дан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған.

1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік және тұрмыстық химия заттарының жиынтығы қарастырылған. Азық-түлік жиынтығына түрлі жармалар, пюре, шырындар, сүт және т. б. кіреді. Тұрмыстық химия жинағы тіс пастасын, балаға арналған щетканы, кір жуатын ұнтақты, шаруашылық және иіс сабынды және т.б. қамтиды, ол тоқсанына 1 рет ұсынылады.

6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектепте тегін тамақ беріледі, қоғамдық көлікте оқу орнына дейін жеңілдікпен жол жүреді, мектеп формасымен және мектеп керек-жарақтарымен жылына 1 рет қамтамасыз етіледі.

Жоғары қарай