Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жыл басынан бері «Еңбек» мембағдарламасына мүгедектігі бар 11,6 мың адам қатысты

2021 жылдың 27 шілде 2021 09:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 11,6 мың мүгедектігі бар адамға жұмыспен қамтуда қолдау көрсетілді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Осы орайда 9,4 мың МБА жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 3,3 мыңы тұрақты жұмыс орындарына, ал 6,1 мыңы уақытша жұмыс орындарына (әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі және қоғамдық жұмыстар) тұрғызылды.

Жоғарыда аталған кезеңде қысқамерзімді кәсіптік оқытумен 362 адам қамтылды.

«Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 1185 МБА оқытылды, оның ішінде 127-сі өз жобаларын қорғап шықса, 45-і грант, 2-і шағын несие алды.

Сондай-ақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 158 адам шағын несие алса, тағы 524 мүгедектігі бар адамға қайтарымсыз грант бөлінді.

Бұдан басқа, МБА арналған жұмыс орындары квотасы шеңберінде 4,4 мың адам жұмысқа орналастырылды. Тиісті квоталарды жергілікті атқарушы органдар «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңына сәйкес, ауыр, еңбек жағдайы зиянды және қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс істейтіндердің жалпы санының 2-ден 4%-ға дейінгі (кемінде 50 адам) мөлшерінде белгілейді.

Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе негізінде, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жабдықтауға жұмыс берушілердің шығынын субсидиялау енгізілді.2021 жылы көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін 251,8 млн теңге сомасына 113 арнайы жұмыс орнын құру жоспарланған. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 19,3 млн теңге игеріліп, 9 арнайы жұмыс орны құрылды.


Жоғары қарай