Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жүзеге асқан Жолдау: Қазақстанда жауапты хатшы институты жойылды

2021 жылдың 31 тамыз 2021 18:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында министрліктердегі жауапты хатшы лауазымын жою туралы тапсырма берген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жауапты хатшылар институтына тоқталғым келеді. Осы институтты енгізген кезде олардың ауыспалы болмауы министрлерді әкімшілік-кадрлық жұмыстан босатады, аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді деп қарастырылған. Іс жүзінде олай болмады. Оның үстіне министрлер мен жауапты хатшылар арасында өзара түсіністіктің болмауы жағдайы да жиі кездеседі. Нәтижесінде, ортақ іске нұқсан келтіріледі. Сұрау бір адамнан болуы керек, яғни Президент тағайындаған министр жауапты болуы тиіс. Сондықтан жауапты хатшылар институтын қысқарту керек. Олардың міндетін министрліктердің аппарат басшыларына жүктеу қажет. Жоғарыда аталған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға жыл соңына дейін түзетулер пакетін қабылдауды тапсырамын», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыдан кейін министрліктердегі жауапты хатшы институтын қысқартылатынына қатысты пікір білдірген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова бұл жайт мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейтінін баса айта келе Президенттің мұндай қадамға неліктен барғандығын мәлім еткен еді.

«Министрліктердегі жауапты хатшылардың жұмысы мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, билік вертикалін бекемдейді, Президент Әкімшілігінің жеке ведомстволарға бақылауын күшейтіп, министрлерді әкімшілік-кадрлық жұмыстардан босатып, олардың негізгі күш-қуатын саяси маңызы бар істерге жұмылдырады деп күттік. Сонымен бірге жауапты хатшылар институтының негізгі тапсырмасы – саяси мемлекеттік қызметшілер ауысқан жағдайда мемлекеттік органдардың кадрларының сақталуын қамтамасыз ету еді. Алайда мемлекеттік қызметтегі карьералық модельге ауысуымен бұл құрал өзінің маңыздылығын жоғалтып алды», - деген еді агенттік төрағасы.

Осыдан кейін бұл іске ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шұғыл кірісіп, қысқа ғана мерзімнің ішінде «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңын әзірлеп, оны Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдаған болатын.

«Қазіргі уақытта жауапты хатшыларды Президент тағайындайды және олар тиісінше жоғары статусқа ие. Осы түзетулер қабылданғаннан кейін олардың міндеттері аппарат басшыларына жүктеледі. Аппарат басшыларын министрлер тағайындайды және оларға есепті болады. Осыған байланысты, «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық Заңнан жауапты хатшылардың мәртебесі мен өкілеттіктерін реттейтін нормаларды алып тастау және оларды «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда аппарат басшыларына бекіту ұсынылады», - деген еді Сенаттың жалпы отырысында құжатты таныстырған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова.

Аталған заңды қабылдау нәтижесінде мемлекеттік аппараттың тұрақтылығы, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жауапкершілігінің арту, мемлекеттік органдардың жұмысындағы кадрлық сабақтастықтың сақталуы күтіледі.

Осылайша, «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық Заңынан жауапты хатшылардың мәртебесі мен өкілеттіктерін реттейтін нормалар алынып тасталып, аппарат басшыларына қатысты нормалар «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңымен бекітілді. Сондай-ақ, аппарат басшысы мен министр арасында лауазымдық өкілеттіктер мен жауапкершіліктің аражігін ажырату бойынша тиісті заңнамалық түзетулер енгізілді. Осыған байланысты, жауапты хатшылардың өкілеттіктерін министрлік аппараттарының басшыларына жүктеуді көздейтін Президенттің бірқатар жарлықтарына тиісті түзетулер енгізілді.

Ал 2021 жылдың 18 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» Жарлыққа қол қойды. Нәтижесінде Қазақстанда министрліктердегі жауапты хатшылар институты ресми түрде жойылды.


Жоғары қарай