Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Жұмысын әлі бастамаған кәсіпорындағы жалақы қалай төленеді - вице-министр түсіндірді

2020 жылдың 26 мамыр 2020 13:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов карантинге байланысты жұмысы әлі басталмаған кәсіпорындарда қызметкерлерге жалақысы төлеу мәселесін шешу жолдарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, карантиндік шаралар жағдайында жұмысын қайта бастауына рұқсат етілмеген кәсіпорын қызметкерлеріне қатысты, соның ішінде оларға еңбекақы төлеуге қатысты мәселелер туындаған. Осыған байланысты қолданыстағы еңбек заңнамасында өндірістік жұмысына толыққанды шектеулер болған жағдайда, еңбек қатынастарын ресімдеудің бірнеше нұсқалары қарастырылған.

Бірінші - қашықтан жұмыс істеу тәртібі. Қашықтағы жұмыс шарттары еңбек шартына қосымша келісімдерде белгіленеді. Ал жұмыс беруші қызметкерді қажетті байланыс құралдарымен қамтамасыз етуі керек.

Екінші - толық емес жұмыс күні. Жұмыс беруші толық емес жұмыс күнін (күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту, толық емес жұмыс аптасы не осы екі нұсқада) белгілеуге құқылы.

Үшіншісі - ақысы төленбейтін демалыс. Оған қызметкердің бастамасы бойынша және жұмыс берушінің келісімімен ғана рұқсат етіледі.

Төртінші - жұмыс беруші мен қызметкердің бақылауына жатпайтын жағдайларға байланысты тоқтап тұруды ресімдеу. Тоқтап тұру 1 ең төменгі жалақыдан, яғни 42 500 теңгеден кем болмайтын мөлшерде төленуі керек.

«Біз шектеулердің бар екенін түсінеміз, бизнес толық көлемде өндірістік қызметін жүзеге асыра алмай жатыр. Сондықтан, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық адал жұмыс берушілерге белсенді азаматтық ұстанымы, қызметкерлері үшін әлеуметтік жауапкершілігі мен жұмыс орындарын сақтап отырған үшін алғыс айтқым келеді», – деді Ақмәди Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.


Фото: inbusiness.kz


Жоғары қарай