Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жүкті әйелдер үшін коронавирустың салдары қандай

2021 жылдың 21 қазан 2021 09:48

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Көптеген елде, соның ішінде Қазақстанда да, жүкті әйелдерге коронавирус жұқтырмау үшін қатаң оқшаулау режимі ұсынылады. Алайда елімізде болашақ аналар арасында ауру тіркеліп жатыр.

Алматы қалалық №2 перзентхананың бас дәрігері орынбасарының міндетін атқарушы Назгүл Иманғалиева ҚазАқпарат тілшісіне COVID-19 әйелдің денсаулығы мен жүктілігіне қалай әсер ететіні туралы айтып берді.

Дәрігердің айтуынша, коронавирус инфекциясы өте күрделі және көптеген қиындығы бар ауру.

«Жүкті әйелдер, барлық адамдар сияқты, коронавирус жұқтыруы мүмкін. Көп жағдайда бұл инфекция анағұрлым ауыр өтеді. COVID-19 өкпеге әсер етеді, мидың гипоксиялық жағдайы дамиды. Қанның ұйып, асқынады. Жүкті әйелдер үшін инфекция айтарлықтай қауіпті, жатырдағы нәрестеге де әсер етуі мүмкін»,- дейді дәрігер.

Сонымен қатар, ол егер жөтел пайда болып, дене қызуы көтерілсе бірден дәрігерге қаралу керектігін баса айтты.

«Аурудың жиі кездесетін клиникалық көріністері - дене қызуының көтерілуі, жөтел, бұлшықеттердің ауыруы, әлсіздік, құсу, жүрек айнуы. Бұған қоса, шаршау, диарея, ентігу және тамақ ауруы жиі кездеседі. Аурудың клиникалық көрінісі ЖРВИ-ге ұқсас. Егер осындай белгілер пайда болса, бірден жедел жәрдем шақырып, дәрігерге қаралу қажет»,- дейді Назгүл Иманғалиева.

Спикердің сөзінше, жүкті әйелдер барлық сақтық шараларын қатаң сақтаулары тиіс.

«Аурудың алдын алу үшін жеке гигиена ережелерін сақтау керек. Атап айтар болсам, қолды жиі-жиі сабынмен жуу қажет. Масканы үнемі тағып жүрген абзал. Адам көп шоғырланатын жерлерден аулақ болып, бұқаралық шаралардан бас тарту қажет. Жүкті әйелдер вирустан әзірге тек осылай ғана қорғана алады. Себебі, бізде аяғы ауыр келіншектерге вакцина салынбайды»,-деп қортындылады сөзін Алматы қалалық № 2 перзентхана бас дәрігері орынбасарының міндетін атқарушы Назгүл Иманғалиева.


Жоғары қарай