Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Жуалыдағы 15 ауылға ауызсу, 7 елді мекенге газ тартылады

2020 жылдың 23 мамыр 2020 22:59

ЖУАЛЫ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аудандарға жұмыс сапарын жалғастыруда. Аймақ басшысы Жуалы ауданына барып, онда ауызсу, көгілдір отынмен қамту, мектеп құрылыстары мен жөндеу жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауданда түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша 38 жобаны жүзеге асыруға 4,6 миллиард теңге бөлінген.

Облыс әкімінің аудандағы жұмыс сапары Қарасаз ауылдық округінен басталды. Округке қарасты Ақбастау ауылында 136 аулада 720 адам тұрады. Бердібек Сапарбаев 1993 жылы бой көтерген, бүгінде 187 бала біліп алып жатқан ауыл мектебіне ат басын бұрып, кабинеттер мен спорт және акт залдарын аралады. Ол мектеп басшылығының назарын оқу ордасының ішін безендіру, балаларға қолайлы жағдай жасау қажеттілігіне аударды.

Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Құны 178 млн теңгені құрайтын жобаны «Байсын-А» ЖШС жүзеге асыруда. Су құбырының ұзындығы 14 шақырымды құрайды. Осындай жоба Жұрымбай ауылында да қолға алынған. Сумен жабдықтау құрылысының нәтижесінде 400-ге жуық ауыл тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізбек.

Жалпы аудан бойынша биыл барлығы 15 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Бұдан бөлек, биыл аудандағы жеті ауылдық елді мекен газдандырылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды мердігер ұйым «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС жүзеге асыруы көзделген. Осы тұрғыда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 1,4 миллиард теңге қарастырылған. Нәтижесінде аймақтағы тұрғындарды газбен қамту деңгейі 75,5 пайызға, сумен қамту 71,5 пайызға жетпек.

Бердібек Сапарбаев Қоңыртөбе, Күреңбел ауылдарындағы орта мектептердің жай-күйімен, аудан орталығы – Б.Момышұлы ауылындағы жол жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Биыл мұнда жалпы ұзындығы 11,2 шақырым болатын 10 көше жөндеуден өтеді. Оған 219 миллион теңге бөлінген.

Бердібек Сапарбаев аудан әкіміне барлық жұмыстардың тиімді әрі кешенді түрде жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

«Асфальт төсеу барысында жол жұмыстарының сапасын бақылау үшін қоғам өкілдерін, депутаттар мен белсенді тұрғындарды тарту қажет. Тиісті бақылау болмаса, ақша желге ұшады», - деді ол.


Жоғары қарай