Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жоғары оқу орындарында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы стипендия тағайындалуы мүмкін

2022 жылдың 25 ақпан 2022 20:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлем елдерінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін елордада өткен ұлт ұстазына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда мәлім болды.

Конференция барысында Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин бұл іс- шаралардың маңыздылығына тоқталып, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ұлттық күн тәртібінде тұрған ұлт руханияты үшін ауқымды тақырыптардың бірі екенін атап өтті.

«Халқымыз өзінің тарихында ерекше орны бар екі тұлғаны «Ұлт ұстазы» деп ардақтаған. Алдымен, әрине, ұлы Абайды айтамыз. Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлының есімі аталады. Алаш көсемі, қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Бұл мерейтойды ЮНЕСКО деңгейінде атап өтеміз. Тәуелсіздік ұлтымыздың жадын жаңғыртып, тарихи тамырымыздан қайтадан нәр алуымызға жол ашты. Бұл ретте ұлт ұстазының еңбегін зерделеп, оны мол мұрасын ұрпақ санасына сіңіру баршамызға ортақ міндет», - деді Е. Қарин.

Бұл орайда Мемлекеттік хатшы осыдан бір ғасыр бұрын қазақ халқы ұлт зиялыларының бастамасымен ғалымның 50 жылдығын атап өткенін еске салды.

«Содан бері тура бір ғасыр өтіп отыр. Бір ғасырдан кейін де Ахаң тағы да ұлтты ұйыстырып, ұлт зиялыларын бір жерге жинап отыр. Бұл да ұрпақтар сабақтастығының бір белгісі. Бүгін міне Ахаң аңсаған Тәуелсіз елдің ұрпақтары оның 150 жылдық мерейтойында бас қосып отыр», - деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, ұлттық жаңғыру кезеңі жасампаз тұлғаларды тудырады.

«Дүниежүзінің тарихына зер салсақ, халықтар мен мемлекеттер реформатор тұлғалардың арқасында дамудың жаңа белестеріне көтерілген. Ахаң қазақ үшін осындай тұлға. Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген дәуір мен қазіргі Тәуелсіздік заманын байланыстыратын ортақ мүдде – ұлттық болмысты сақтай отырып, өркениетті ел болу», -деді Мемлекеттік хатшы.

Сонымен қатар ол Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың ұлт болып сақталып қалуы үшін тілге айрықша мән бергенін атап өтті.

«Оның: «Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек» деген сөздері – соның айқын дәлелі. Ахаң ұлттық әліпбиімізді әзірлеп, оқулықтар жазды, тіл ғылымына түрен салды. Тілдің ұлтты сақтаудағы орасан зор маңызын жұртымыздың санасы сіңіре отырып, қазақ тілін ғылымға бейімдеді. Осы тарихи еңбегінің арқасында ол қазақ тіл білімінің атасы, ұлт ұстазы атанды. Ахаң негізін қалаған тіл ғылымы оның есімін атауға тыйым салған кеңес дәуірінде де жаппай қолданыста болды», - деді Ерлан Қарин.







Оның сөзіне қарағанда, тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарында А. Байтұрсынұлы енгізген терминдер мен ұғымдар ешқашан өзектілігін жоғалтпайды.

«ЮНЕСКО көлемінде және еліміздің барша өңірінде өткізілетін мерейтой шараларына баршамыз белсене атсалысуымыз қажет. Парижде және Ыстанбұлда арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады. Түркістанда халықаралық конгресс өтеді, басқа да жұмыстар жоспарланған. Соның бәрінде Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасы мен қайреткерлік қызметі дәріптеліп, лайықты баға беріледі деп ойлаймын», - деді Мемлекеттік хатшы.

Айта кетейік, Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлы музейінің директоры Гүлбану Сәрсекей мерейтойға ғалымның құнды жәдіргерлерін алып келгенін жеткізді.

«Астананың төрінде Торғай елінің тумасы, қазақ пен түркі әлемінің мақтанышы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында өтіп жатқан жиынға ғалымның туған жеріндегі музейден құнды жәдігерлерді алып келдім. Осыған байланысты елорда әкімдігіне алғыс айтамын», - деді музей директоры.





Сондай-ақ халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушы қазақ және шетелдік ғалымдар ахметтанудың қазіргі өзекті мәселелерін айта отырып, алдағы уақытты атқарылуы тиіс мәселелерді көтерді. Бұл конференция қарарынан көрініс тапты:

- Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяндық деректерін толықтыру үшін Қазақстандағы және шетелдегі архивтерге ғылыми іс-сапарлар ұйымдастыру;

- Ғалымның толық академиялық шығармалар жинағын әзірлеу, шығару және тарату;

- Еңбектерін шет тілдеріне аудару, халықаралық кеңістікке таныту;

- «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбөлгісін әзірлеп, тіл және жалпы қоғамдық-гуманитарлық сала мамандарына марапаттау;

- Жоғары оқу орындарының студенттері үшін «Ахмет Байтұрсынұлы» атындағы стипендия тағайындау.

Осы орайда қарар жобасы конференция қорытындысында оқылып, талқыға салынып бекітілді.

Сонымен қатар Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында өткен конференцияға мемлекеттік қызметкелер, шетелдік ғалымдар, алаштанушылар, ахметтанушылар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, депутаттар қатысты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордадағы Қаламгерлер аллеясында орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Осы салтанатты рәсім Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын мерекелеуге арналып ұйымдастырылды.



Жоғары қарай