Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жезқазған, Теміртау, Балқаш, Риддер, Хромтау маңынан жаңа кен көздерін іздеу басталды

2022 жылдың 19 мамыр 2022 11:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жезқазған, Теміртау, Балқаш Риддер, Хромтау сияқты тау-кен өнеркәсібіне арқа сүйеп отырған қалалардың маңайынан жаңа кен көздерін іздеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитеті төрағасы Талғат Сатиев Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде мәлім етті.

«Қала құраушы кәсіпорындардың орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін моноқалаларға жақын орналасқан, экономикасының негізін тау-кен металлургия кешені құрайтын Риддер, Хромтау, Жезқазған, Теміртау және Балқаш сиқты 7 перспективалы учаскеде іздестіру жұмыстары жүргізілуде», - деді Геология комитетінің басшысы.

Сондай-ақ, ол әлемде сирек кездесетін металдарға, оның ішінде литийге сұраныстың артып отырғанын айтты.

«Шикізаттың осы аталған түрлерін анықтауға ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, биыл Шығыс Қазақстан облысындағы «Қараяқ» және «Монша» учаскелерінде сирек кездесетін металдарды анықтау жұмыстары жалғасуда. 12 жаңа учаскеде сирек кездесетін металдарды анықтау перспективаларын айқындау бойынша жұмыстарды бастау жоспарланып отыр», - деді Талғат Сатиев.

Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстанда геологиялық мәлімет жинақталған ақпараттық жүйе құрылады.


Жоғары қарай