Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Жетісу ауданында биыл 20 мың ағаш отырғызылады

2020 жылдың 21 мамыр 2020 17:24

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында Жетісу ауданын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі «Көкжиек» және «Көкмайса» шағынаудандарындағы скверлерде, Қазыбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағында, №169 және №171 балабақшаларда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасына баға берді.

Абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары – қала әкімімен өтетін кездесулерде тұрғындардың жиі көтеретін мәселелерінің бірі.

Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарының демалысы мен экологияны сауықтыру үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігіне назар аударды. Жетісу ауданында көптеген қоймалар, өнеркәсіптік кәсіпорындар орналасқан.





Осыған орай, тұрғындардың өтініштеріне сәйкес, көгалдандыру және белсенді демалуға арналған орын жасау қолға алынды. Егер былтыр 7 сквер мен 1 саябақ аудан тұрғындарының игілігіне берілсе, биыл 12 скверді абаттандыру жоспарланып отыр.

Бақытжан Сағынтаев рекреациялық аймақтарды ғана емес, сондай-ақ оған іргелес аумақтарға да көңіл бөлуді, ретке келтіруді тапсырды.

«Тұрғындардың сұраныстарына сәйкес өмір сүру, нәтижелі жұмыс және белсенді демалыс үшін жағдайды жақсартуды жалғастырамыз. Бұл ерекше микроклимат қалалықтардың өмір сүруі мен көңіл-күйіне оң әсер етеді», - деді қала әкімі.





Жаңа жобаларды қарау кезінде Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов қала әкімінің Jasyl Almaty бастамасын жүзеге асыру аясында жасыл желек қорының жағдайын жақсарту үшін миллионға жуық ағаш отырғызылатынын айтты.

«Ауданда 220 мың ағаш бар. Оның 5 мыңы соңғы 3 жылда отырғызылды. Тексеру нәтижесінде былтыр отырғызылған 1 мыңға жуық көшеттің өспей қалғаны анықталды. Сондықтан келісімшарт талаптарына сәйкес мердігер ұйымдар күзде 2 мың көшет отырғызады. Сонымен қатар, Jasyl Almaty бағдарламасы аясында күзде Жетісу ауданында тағы 20 мың ағаш отырғызылып, 12 гүлзар абаттандырылады», - делінген қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Жалпы Жетісу ауданында 2019 жылы аула аумақтарын жарықтандыру жұмыстары 60%-дан 88%-ға дейін орындалды. Биыл бұл жұмыстың көрсеткішін 100% жеткізу жоспарланып отыр.








Жоғары қарай