Ауа райы
Астана -28 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жеңіс Қасымбек: Келесі жылы Қарағанды облысында 19 мың адам газбен қамтылады

2020 жылдың 24 қараша 2020 10:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылы Қарағанды облысында шамамен 19 мың адам газбен қамтылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыста «Сарыарқа» газ құбыры арқылы 114 елді мекенді газдандыру жоспарланған. Бірінші кезеңде үш қалада 3 мыңға жуық үй газбен қамтылады. Қазіргі уақытта Теміртау және Жезқазған қалаларында қабылдау актілеріне қол қойылды және құрылыс жұмыстары аяқталды. Желілерді «ҚазТрансГаз» АҚ-қа сенімгерлік басқаруға беру рәсімі басталды. Осыдан кейін тұтынушылардың дайындығына қарай 1056 үй үшін газбен қамтамасыз етіледі», - деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, Қарағанды қаласында құрылыс жұмысының 70 пайызы жасалған.

Құрылыс жұмыстарын аяқтау бекітілген кестеге сәйкес, 2021 жылдың мамыр айына жоспарланған. Нысан іске қосылғаннан кейін 1 865 үйге газ беріледі.

«2021 жылы Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларындағы 3 800 үйді қамти отырып, 2-ші іске қосу кешені құрылысын бастау көзделген. 2021 жылы Жаңарқа, Осакаров аудандарына және Шахтинск қаласында газбен жабдықтау желілерінің құрылысы басталады. Бірінші кезең 3 мыңнан астам үйді газдандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 2021 жылы Саран қаласының Ақтас және Дубовская кенттерін газбен жабдықтау үшін жеткізуші газ құбырын салуды жоспарлап отырмыз. РТИ зауыты базасында салынып жатқан 2 зауытқа да газ тартылатын болады. Осылайша, 2021 жылы шамамен 19 мың адам газбен қамтылады. Толық қаржыландырылған жағдайда 2030 жылға қарай облыстың 1 млн 100 мың тұрғыны газбен қамтылады. Өңірді газдандыру мәселесі тұрақты бақылауда», - деді Жеңіс Қасымбек.


Жоғары қарай