Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 411.66
EUR 465.92
RUB 5.81
CNY 58.79

Жемқорлыққа қарсы шара қабылдамаған квазимемлекеттік сектор басшысы жазаланады

2020 жылдың 3 маусым 2020 15:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілісте «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасы Парламент Мәжілісінде 29 сәуірде бірінші оқылымда мақұлданған. Заң жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. Жұмыс тобының заң жобасымен жұмыс істеуі барысында депутаттар құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің қылмыс жасауға араңдатқаны үшін қылмыстық жауаптылықты белгілеуді енгізді. Сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауаптылыққа жататын субъектілер қатарына енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін белгілеу жөнінде түзетулерді ұсынды. Бұдан басқа, депутаттар заң жобасын заң техникасының талаптарына сәйкес келтіру бойынша, сондай-ақ оның мазмұнын нақтылайтын және жақсартатын түзетулерді ұсынды», - деді Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мұхтар Ерман.

Заң жобасы бойынша депутаттар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 6 отырысы өткізілген.

«Парламент Мәжілісінің комитеттері аталған заң жобасы бойынша оң қорытындыларын ұсынды. Заң жобасы бойынша келіп түскен барлық ұсыныстар жұмыс тобының және комитеттің отырыстарында жан-жақты қаралып, талқыланды», - деді ол.


Жоғары қарай