Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Желтоқсанда отандық мұнай өңдеу зауыттары 56 мың тонна әуе керосинін өндіреді

2021 жылдың 13 желтоқсан 2021 16:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Желтоқсанда отандық мұнай өңдеу зауыттары 56 мың тонна әуе керосинін өндіреді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі нарықты авиа отынмен қамтамасыз ету үшін осы жылдың қазан айында мүдделі мемлекеттік органдардың, ресурс ұстаушылардың, сондай-ақ авиакомпаниялар/әуежайлар өкілдерінің, отын импорттаушылардың қатысуымен кеңес өткізілді. Оның қорытындысы бойынша авиакомпаниялар мен әуежайларға авиациялық отынды басымдықпен жөнелту туралы шешім қабылданды. Биржалық бағаларға қатысты қазіргі кезде бір сауда сессиясы кезінде базалық деңгейден 2 пайызға көтерілу шектеулеріне байланысты биржадағы бағалар нарықтық конъюнктураны көрсетпейтінін атап өтеміз», - делінген Үкімет басшысы орынбасарының жауабында.

Оның атап өтуінше, шілдеден қазанға дейінгі сауда-саттық кезеңінде баға 1 тоннасына 200 мың теңгеден 256 мың тоннаға дейін өсті. Алайда осы жылғы 8 қарашада Биржалық комитеттің шешімімен баға 1 тоннасына 220 мың теңгеге дейін төмендетілді.

«Биыл қарашада орташа айлық тұтыну осы жылдың 10 ай үшін 53,4 мың тонна болған кезде керосин өндірісінің көлемі шамамен 46 мың тоннаны және желтоқсанда 56 мың тоннаны құрайды. Алдын ала ақпарат бойынша, «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Орск МӨЗ-і өндірген 10 мың тоннаға жуық авиакеросинге қол жеткізді. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қараша-желтоқсан айларында әуежайларға 15-20 мың тонна көлемінде авиа отынды импорттауға жәрдем беруде. Бүгінгі күні барлық МӨЗ-дер тәулік сайын авиациялық отын өндіреді және ішкі нарыққа уақтылы жөнелте отырып, штаттық режимде жұмыс істеуде», - деді Роман Скляр.


Жоғары қарай