Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң мәселені шеше ала ма

2022 жылдың 24 мамыр 2022 18:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сарапшылар елімізде кредит алғандар мен оны өтей алмай жатқандар саны өскенін айтып жүр. Бұл тұрғыда жақында Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасының өзектілігі артып отыр.

Атап айтқанда, құжат жобасында жеке тұлғаның банкроттығын рәсімдеудің үш жолы ұсынылып отыр. Бұл ретте борышкерлерге қатысты соттан тыс банкрот рәсімі, азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру және сот банкроттығы қарастырылған

Биыл наурыз айында өткен қоғамдық тыңдауда ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятовжеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасына енгізілген соңғы өзгерістер туралы мәлімет берді.

«Біріншісі – соттан тыс банкроттық. Бұл жол тұрақты табысы жоқ, борышын өтеу мүмкіндігінен айырылған адамдарға арналған. Банктердің, микрокредиттік ұйымның, коллекторлардың алдындағы қарыздың көлемі 4 млн 900 теңгеден аспауы керек. Бұл 1600 айлық есептік көрсеткіш деген сөз. Ресми табысы жоқ, былайғы табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс көлемінен (36 018 теңге) аспайтын азаматтар соттан тыс банкроттық рәсімдей алады. Борышкердің атында мүлік болмауы керек және қарыз бойынша банктермен реттеу процедурасын жүргізуі керек. Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микрокредиттік ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыз бойынша қолдануға болады», - дейді Қ. Миятов.

Ұсынылып отырған заң жобасы бойынша, соттан тыс банкроттық туралы өтініш «Электрондық үкімет» web-порталы арқылы беріледі. Содан кейін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесінде кірістер мен мүліктің, сондай-ақ сот шешімдерінің болуы тұрғысынан басқа мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстырып тексеру жүргізіледі. Тексеру нәтижелері бойынша борышкерге соттан тыс банкроттықтан бас тартылғаны немесе басталғаны туралы хабарлама жіберіледі. 4,9 млн теңгеден асатын қарыздың барлық түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығын қолдана алады.

Соттан тыс банкроттық рәсімдегендер тиісті шектеулерге тап болатынын атап өткен жөн. Біріншіден, қарыз міндеттемелерінің бәрі уақыты өткен болып есептеледі. Борышкерге қарыз алу бойынша келісімдер жасауға, кепілдік және сенімгерлік білдіруге тыйым салынады. Емделу, білім алу, адам жерлеуге қатысты себептер болмаса, шетелге шығуға болмайды.

Соттан тыс банкроттық рәсімделгеннен кейін қарыз берген банк, микрокредит ұйымы немесе коллекторлық агенттік борышкерден қарызды өтеуді талап ете алмайды. Сондай-ақ, борышпен бірге есептелетін айыппұлдар мен өсімпұлдардың бәрі тоқтатылады.

Қайрат Миятовтың сөзіне қарағанда, борышын өтей алмағаны үшін сот арқылы банкроттық рәсімдеген азаматтар әрбір әрекетін қаржылық басқарушылардың нұсқауымен жасайды.

«Сот арқылы банкроттықты қаржылық басқарушылар рәсімдейді. Бұл корпоративтік банкроттықты рәсімдеу тәсіліне ұқсас. Қаржылық басқарушылар құрамына банкрот әкімшілері, кәсіби есепшілер, заңгер кеңесшілер, аудиторлар мен адвокаттар кіреді. Сот арқылы банкроттықты рәсімдеу кезінде қаржылық басқарушылар кредитордың талаптарынан тізім жасап, борышкердің иелігіндегі мүліктер туралы ақпарат жинайды. Осыдан кейін мүліктерді түгендеп, бағасын есептеп шығарады. Сол деректердің негізінде борышкердің қаржылық жағдайын есепке ала отырып қорытынды шығарады», - деді комитет өкілі.

Оның айтуынша, сот арқылы банкроттық рәсімдегендер де соттан тыс банкроттық рәсімдеген азаматтар сияқты шектеулерге жолығады.

«Оларға қарыз алу бойынша келісімдер жасауға, шетелге шығуға тыйым салынады. Ал кредиторларға борышкердің банк шоттарынан ақша өндіріп алуға, мүлікті өндіріп алуға жолдауға, айыппұл, өсімпұлдар есептеуге тыйым салынады. Борышкердің мүлкіне қатысты сот және өзге органдардың сот арқылы банкроттық рәсімдегенге дейін шығарған шешімдерінің бәрі тоқтатылады», - деді Қайрат Миятов.

Сонымен қатар, төлем қабілетін қалпына келтіру деп аталатын жеке тұлға банкроттығының үшінші жолы борышкерге сот арқылы қарызды төлеу бойынша шегерімдер беруді көздейді.

Ол үшін төлем қабілетін қалпына келтіру жоспарын әзірлеу керек. Бұл жоспар қаржылық басқарушының атсалысуы арқылы әзірленеді. Жоспарға кредитор мен борышкердің екеуі де келісім беруі қажет. Борышкердің мүлкін сату сияқты шаралардың бәрі тек осы жоспарға енген жағдайда ғана іске асады. Жоспарға кірмеген шаралардың бәрі қарызды қайтару үшін қолданылмайды.

6,2 млн адамның несиесі бар

Қазақстанда 1 миллионнан астам адамның мойнында проблемалы борыш бар. Бірақ оның бәрі жеке тұлғаның банкроттығын рәсімдейді деген сөз емес. Өйткені банкроттық рәсімдеудің де салдары болатыны түсінікті. Банкроттық рәсімдеген борышкер 5 жыл көлемінде банктер мен микрокредиттік ұйымдардан қарыз ала алмайды. Тиісті мерзімде шетелге шығуға тыйым салынады. Бұл тыйымға шетелде емделу, білім алу, туысқанын жерлеу рәсіміне қатысу және жұмысқа орналасу себептері кірмейді. Бұл себептер болған жағдайда тиісті құжаттарды көрсету керек болады. Екінші рет банкроттық рәсімдеу үшін алдыңғы банкроттықтан кейін 7 жыл уақыт өтуі керек. Заң жобасында осындай негізгі базалық қағидаттар енгізілген.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың мәліметінше, 6,2 млн қазақстандықтың банкте кредиті бар.

«Банктің теңгерімінде тұрған проблемалы қарыз алушылар бар, сонымен қатар баланстан тыс осындай қарыздар тіркелген. Біз тиісті есептеулер жүргізіп, осындай проблемалы қарыз алушылардың жалпы санын анықтадық. Егер барша банк пен микроқаржы ұйымын, сондай-ақ банктердің коллекторларға сатқан қарыздарын қамтысақ, онда 1,5 млн-ға жуық қарыз алушының проблемалы несиесі бар», - деді ол. Агенттік басшысы банктердің балансында 430 мыңға жуық проблемалы несие тіркелгенін айтты. Ал қалғаны микроқаржы ұйымдары мен банктердің баланстан тыс тізімінде қамтылған.

Сарапшылар не дейді?

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық аталған заңның қабылдануы проблеманы толық шешеді деп ойламайды.

«Дегенмен біраз қордаланған мәселенің басын қайырады деп үміттенемін. Өйткені бірден барша проблеманы шешіп тастау мүмкін емес. Қазір талқыланып жатқан заң жобасының аясындағы біраз ұсыныстар көңілден шығып отыр. Осы орайда жеке тұлғаның сотқа бармастан өзінің банкрот деп тануына мүмкіндік беруге қатысты. Табысынан айырыл, қарызы көбейіп жатса және осыны өтеуге мүмкін болмаса, соған тиісті анықтама құжаттарын жеткізеді де, банкрот деп тану қадамдары қарастырылған. Сонымен қатар, жалғыз баспанасына тиіспеуге байланысты ұсыныстар айтылып жатар. Әрине, осы ұстанымды қолдаймын, яғни жалғыз баспананы тартып алуға болмайды. Бірақ осы жолғы заң жобасында бұл ұсыныс қолдау таппайтын сияқты. Кейінірек бұл тақырып қайта қаралуы да ықтимал. Бұл тұрғыда мамандар осы ұсыныс күшіне енсе, алдағы уақытта банктер несие бермей қояды деген пікір айтып жатыр. Дегенмен бұл мәселе алдағы уақытта қаралуы керек деп есептеймін», - деді М. Халық

Оның пайымынша, біздегі сияқты банктердің пайызы жоғары несиелері ойланатын жағдай. Олардың көбі тұтынушылық несиеге тиесілі. Жеңілдетілген тәртіпте немесе мемлекеттік бағдарламамен алынған қарыздың үлесі өте аз. Несиенің басым бөлігі нарықтық бағадан жоғары деңгейде алынған, яғни халықты одан әрі қанайтын, халықтың жағдайын қиындата түсетін пайыздық мөлшерлеме бар. Сондықтан мұндай несиелер үлесінің көбейіп кеткені өкінішті.

«Проблемалы несиесі бар адамдардың мәселесіне тоқталсақ, аталған заң жобасы қабылданса, банктер зардап шегетін болады. Дегенмен, арнайы осындай заң болса, заңнама аясында мемлекет өз азаматтарын қорғай алады. Қазіргі кезде сот орындаушылары мен коллектор ұйымдарының қысымына тап болған адамдар баршылық. Осындай қиын жағдайда адамдарды кім қорғайды? Мұндай проблемасы бар адамдардың негізгі бөлігі несиесін әдейе төлемей жүргендер емес, олар өмірдің қиын жағдайына тап болғандар. Сондықтан шын мәнінде табысынан айырылғандарды банкрот деп танып, несиеден босатудың заңды бір жолдары керек. Алайда проблемалы несиесі бар адамдардың мәселесін бірден шешіп тастайды деп айту қиындау. Заң жобасын талқылауға жан-жақтан түрлі саланың мамандары тартылған. Банк өкілдері де бар. Біржақты болып шешіле қояды деп айту қиын. Менің ойымша, бұл заң қабылданса, оның өзі үлкен жетістік. Құжат қабылданған кезде, біраз банк шығынға ұшырайтын болып тұр. Екіншіден, несиесін жаба алмай жүрген біраз адам ауыртпалықтан жеңілдейтін болады», - дейді экономист.

Сонымен қатар ол банкроттық туралы заң қабылданса, халықтың әлеуметтік жағдайы көтерілгенше банктер несие беруді қысқартуы мүмкін екенін айтты. Халықтың табысы жақсарғанда, банктер несие бөлу бағытында белсенді болуы мүмкін. Адамдардың біразының төлем жасауға мүмкіндігінің болмауынан банкрот жарияланса, біраз банктер қосымша тәуекелді сезінеді. Сондықтан олар оңды-солды несие беруді тежейді. Бұл ретте кейбір адамдардың несие алуына шектеу болуы ықтимал.

«Әлеуметтік жағынан осал топ мүлдем несие ала алмайды. Ал микроқаржылық ұйымдардың арасында заңсыз жұмыс істеп тұрғандар да бар. Бұл ұйымдарды өкілетті органдар мораторий аясында тексере алмай тұр. Осыны пайдаланып, заңсыз әрекеттер жасап жатқандар бар. Азаматтарымыз алданып қалса да, сол жоғары пайызбен алған несиелерін өтеп жатыр. Шын мәнінде, несие берген ұйымдарда лицензиясы да болмауы ықтимал. Атап айтқанда, халқымыздың қаржылық сауаттылығы болуы маңызды. Несие беретін ұйымдардың қаншалықты заңды жұмыс істеп тұрғанын әрбір адам ажырата алуы керек. Әр адам өз құқығын білсе, сауатын көтерсе, қаржы саласында дұрыс шешімдер қабылдауға қауқарлы болады. Бұл тұрғыда мемлекет банроттық туралы заңды қабылдаумен қатар, жаппай қаржы сауаттылығын арттыру бойынша бағдарлама әзірлегені дұрыс еді. Осы орайда мектеп оқушыларына арнайы пәнді дұрыс жүргізгені абзал, яғни саланың білікті маманы оқытуы керек. Бұл қадамдар арқылы алаяқтардың әрекеттеріне тосқауыл қою мүмкіндігі артады», - деді Мақсат Халық.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы Вячеслав Додоновқазіргі жағдайда аталған заң жобасы өте өзекті екенін алға тартып отыр.

«Бұл проблема біраздан бері талқыланып келеді. Бұл саланың мамандары тиісті заң керек екенін жиі айтып жүргенін білеміз. Қарызын жаба алмай жүрген адамдар шын мәнінде қиын жағдайға тап болатынын да көріп жүрміз. Қарапайым адамдар мүлкінен, жалғыз баспанасынан да айырылып жататыны өкінішті. Сондықтан бұл мәселелерді шешіп, ретке келтіру маңызды болды. Жеке адамдардың банкроттығы институты осы мәселелерді шешуге бағытталған. Несие бергендер заңнама аясында бұл адамдардың қарызы бойынша талаптарын тоқтатады. Өз кезегінде қарапайым адамдарға заң тұрғысында қолдау жасалады, олар мүлкін сақтап қала алады. Ал кредиторлар заң бойынша өтелмеген қарыздарды шығынға жатқызып, өшіреді. Осы арқылы бұл берешек қаражат сомасы ұйымның қаржы теңгерімінде болмайды», - деді В. Додонов.


Жоғары қарай