Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жарылыстан жарақат алғандардың ішінде жергілікті тұрғындар жоқ – әкім

2021 жылдың 29 тамыз 2021 20:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жарылыс салдарынан зардап шеккен 28 науқас Тараз қаласындағы ауруханада ем алып жатыр. Ішінде төртеуінің жағдайы орташа ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтқан.

«Қазіргі таңда Тараз қалалық орталық ауруханада 28 науқас емделіп жатыр. Оның төртеуінің жағдайы орташа ауыр. Оларға қажетті барлық медициналық көмек көрсетілуде. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрі-дәрмек пен дәрігерлер жеткілікті. Жалпы, медициналық көмекке жүгінген түрлі деңгейде жарақат алған 98 адамның ішінде қарапайым тұрғындар жоқ. Барлығы - әскерилер мен төтенше жағдай саласының қызметкерлері», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, ол хабарсыз кеткен әскерилер мен құтқарушылардың ата-аналарымен, туған-туысқандарымен кездесіп, іздеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты.

«Іздеу жұмыстарына әскерилер, ТЖД мамандары, кинологтар, тиісті мамандар, қызметтік иттер, атты адамдар жұмылдырылған. Арнайы дрон құрылғысының мүмкіндігі де барынша пайдаланылуда. Қазіргі таңда 180 адам, 40 шақты техника жұмыс істеуде», - деп жазады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бердібек Сапарабевтың айтуынша, оқиға жақын жердегі теміржолдар мен автожолдар қалыпты режимде жұмыс істей бастаған. Тұрғындардың бәрі үйлеріне оралған. Тек баспанасы күрделі жөндеуден өтетін Қайнар ауылының тұрғындары ғана уақытша баспанамен, азық-түлікпен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ, облыс әкімі Жарылыстан бүлінген үйлердің бәрі 2 айда қалпына келтірілетінін айтты.

Жөндеуді қажет етеді делінген 106 үйдің 35-іне күрделі жөндеу тағайындалып отыр. Облыстық жедел штаб қалған 71 үйді жеңіл зақымдалды деп таныған. «Олар да қалпына келтіріледі. Барлық жұмыстарға Үкімет тарапынан қаралатын және жергілікті бюджеттен қосымша бөлінетін қаражат жұмсалады. Өңірдегі демеушілер де қаржылай көмек көрсетеді. Бүгін бір үйдің күрделі жөндеу жұмыстары басталды.Қалған үйлерде құрылысшылар ертеңнен бастап іске кіріседі. Екі айдың ішінде барлық үйлерді қалпына келтіреміз деп өзімізге міндеттеме алып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, құрылысшылар күші де жеткілікті»,-деді облыс әкімі.

Жоғары қарай